Қазақстанға қай елдерден еңбек мигранттары көп келеді
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 666 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 561 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 280 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 3 884 және 988 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 036 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 918 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 896 жұмыс беруші бар. Оларда 339,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 799 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 3 065 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 187 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 085 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 330 адам, Өзбекстан – 2 682 адам, Түркия – 1 046 адам, Үндістан – 1 012 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.
Биылғы тамыздан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25% немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді,-делінген хабарламада.
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі