Қазақстанда пациенттердің дербес медициналық деректерін жинау, өңдеу, сақтау, қорғау және беру тәртібі жаңартылды. Өзгерістер Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілді. Жаңа талаптар 23 тамыздан бастап күшіне енеді.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – диагностикалық жабдық арқылы алынатын медициналық суреттердің сақтау мерзімі нақты белгіленді.
15 жастан асқан пациенттердің медициналық суреттері 10 жыл, ал 0-15 жас аралығындағы балалардың медициналық суреттері 15 жыл сақталады. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін диагностикалық жабдық арқылы алынған медициналық суреттер жойылуға тиіс. Бұл талап компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық зерттеу, эндоскопия және басқа да диагностикалық зерттеулер нәтижелеріне қатысты. Қағидада медициналық суреттердің 49 түрі көрсетілген.
Сонымен бірге әр медициналық суретке немесе медициналық суреттер жиынтығына бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Ол ақпаратты нақты анықтауға, есепке алуға, іздеуге және бір деректің қайталануына жол бермеуге арналған.
Жаңа қағида пациенттің өз медициналық ақпаратына бақылауын да нақтылайды. Медициналық деректерді жинау үшін цифрлық денсаулық сақтау субъектісі пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімін алуы керек. Келісім жазбаша түрде, электронды құжат арқылы немесе «цифрлық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушы кабинеті арқылы беріледі.
Пациент өзінің медициналық деректерін кім және қандай мақсатта жинап, өңдейтінін білуге де құқылы. Оның сұрауы бойынша цифрлық денсаулық сақтау субъектісі үш жұмыс күні ішінде медициналық деректерінің бар-жоғын, оларды жинау мен өңдеудің мақсатын және тәсілдерін, қолда бар мәліметтердің тізімін және сақтау мерзімдерін ұсынуға міндетті.