Ақмола облысында алаяқ танысының атынан несие рәсімдеп жіберген
Жәбірленуші 2 жарым млн теңгеге қарызға кіріп кеткен
Осындай шағыммен Атбасар қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айғақтарына қарағанда, кездейсоқ танысы оның атынан тауар және ақшалай несие рәсімдеп, 2 миллион 500 мың теңгеге қарызға батырған, деп хабарлайды Malim.kz.
Polisia.kz жазуынша, полицейлер күдіктіні анықтап, ұстаған. Ол бұрын алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған Қарағанды қаласының тұрғыны болып шыққан. Сөйтсе олар ортақ достарының үйіне қонаққа барғанда кездейсоқ танысып қалған. Кейінірек жәбірленуші ауруханада жатқанда, алаяқ оған қонаққа келіп, телефон нөмірін сұрап, тауар несиесін рәсімдеп жіберген.
Кейін болған жайды білген жәбірленуші күдіктімен телефон арқылы хабарласса, ол қателік кеткен болу керек деп сендіріп, келген соң бәрін реттеуге уәде береді. Алайда жәбірленушінің телефонына екінші рет қол жеткізген алаяқ тағы ақшалай несие рәсімдеп алған.
Сөйтіп, ол жәбірленушінің есепшотына түскен ақшаны достарының есепшотына аударған. Алған ақшаны қажетіне жұмсап тастаған.
Полиция департаменті осыған қатысты алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Фото: inbusiness.kz