457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Астанада басына екі рет оқ тиіп қаза тапқан сарбаздың ісі қайта қаралады

Қолында, аяғында және бетінде сызаттар мен көгерген іздер болған

Астанада басына тиген оқтан көз жұмған сарбаздың ісі қайта қаралатын болды. Қайғылы оқиға болғанына екі жыл өтсе де, марқұмның анасы ұлының өз-өзіне қол салғанына сенбейді. Іс екі рет сотта қаралғанымен, кінәлілер анықталмаған. 21 жастағы Қайсар Сұлтановтың туыстары істі қайта тергеуге қол жеткізіп, ұлдарының өлімін мұқият зерттеуді талап етіп отыр. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz пен КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 
 

Сәуле Тілеубергенова екі жылдан бері ұлының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізу үшін барын садып келеді. Айтуынша, ұлының денесінде сау жер болмаған. Жарақаттар басын тура екіге жарып жібергендей болған. Ал қолында, аяғында және бетінде сызаттар мен көгерген іздер болған.

"Оқ атылған қару – АК-74 автоматы. Бірінші оқ атылғанда тілі, таңдайы, маңдай тұсы, миының бір бөлігі мен бас сүйегі зақымданған. Алты минуттан кейін екінші оқ атылған. Оқ екі рет атылған. Ұлымның аяғында, тізесінде, қолында сызаттар болған. Көзінің астында да жара іздері бар еді", – дейді марқұмның анасы.

Марқұмның анасы ұлын қайғылы жағдайдан бір күн бұрын көргенін және ештеңеден күмәнданбағанын айтты. Әйелді оқиға орнындағы жайттар да ойландырады. Айтуынша, терезенің үстінде қан іздері болған. Ал оны біреу сүртіп, тазалауға тырысқан дейді.

"Терезе алдындағы қан іздері сүртілген. Тергеушілер мұны "ол есінен танып, шынтағымен сүйеніп, байқамай өшіріп жіберген" деп түсіндірді. Баламның формасын айғақта арасынан алып көрсетуді сұрадым. Сол жақ жеңі тап-таза болды", – дейді марқұмның анасы.

Анасының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Қайсар әкімшілік ғимаратта кезекшілік атқарған. Төменгі қабатта тағы бір сарбаз болған. Бір сәтте барлық әскерилерді сыртқа шығарып, басқа корпусқа бағыттаған. Ал Қайсарды жалғыз кезекшілікке қалдырған.

"Наряд бастығы Оспанов ұлымның жанына бармаған, не рациямен хабарласпаған. Ол ғимаратқа кіргенде бірінші қабаттағы сарбаздан ғана "бәрі дұрыс па?" деп сұраған. Сол сарбазбен бірге екінші қабатқа қарай бет алған, бірақ жолда тоқтап, басқаларын сыртқа шығарып жіберген. Бұл жоспарланған кісі өлтіру. Ол қылмыскерлерге қашып кетуге мүмкіндік берген", – дейді марқұмның ағасы. 

Еске салайық, қайғылы оқиға екі жыл бұрын елордадағы 6636 әскери бөлімінде болған. 21 жастағы Қайсар Сұлтанов ант қабылдағаннан кейін төрт ай өткен соң қызмет барысында қаза тапқан. Іс екі рет сотта қаралып, ресми түрде "өз-өзіне қол жұмсау" деп танылған. Алайда қорғаушылар тергеуде көптеген қайшылықтар бар екенін айтады.

"Бірінші оқ атылған. Басының жартысы жоқ, миы түгел зақымданған. Ал тергеу нұсқасы бойынша ол алты минуттан кейін өзіне екінші рет оқ атқан. Бұл – мүмкін емес. Бұл физикаға да, биологияға да, жалпы өмір заңдылығына да қайшы. Біз істі Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша қайта тергеуді талап етеміз. Сондай-ақ өлімді жасырып, істі бұрмалағандарды да анықтап, жауапқа тарту қажет", – дейді заңгер Инга Иманбай. 

Қазір тергеу "өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабы бойынша қайта жанданды. Алайда марқұмның отбасы бұл жолы да іс нақты ашылмай қала ма деп қауіптенеді. Олар істі "кісі өлтіру" бабына ауыстырып, тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы 9 қазанда Астанада ұлттық ұланның сарбазы басына оқ атып көз жұмғаны туралы жазған едік. 6636 әскери бөлімнің әскери қызметкеріі, қатардағы Қайсар Сұлтанов әскери қалашықты күзету жөніндегі кезекші бөлімшенің құрамына кірген. 
 9 қазан сағат 01:20 шамасында штаб бойынша кезекші және бөлімше командирі қызметті тексеру кезінде қатардағы Сұлтановтың өз бекетінде жаралы жатқанын байқаған. Сарбаз жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.

Фото:  Видеодан скрин