Белгілі журналист Асхат Ниязов қылмыстық іс фигурантына айналды

Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасына эксклюзив сұхбат берген Асхат Ниязов Семей қаласында үлескерлерді баспанасыз қалдырған DALA SK компаниясы төңірегіндегі ахуалға қатысты пікірін білдірді.
Ниязовтың айтуынша, түсірілім кезінде құрылыс қарқынды жүріп жатып, 3-4 қабаты тұрғызылып қойған еді. Дәл осы жайт жобаның нақты заңды екендігіне сенім ұялатқан. Сонымен қатар ол барлық рұқсат қағазының бар-жоғын тексермегенін мойындап отыр.
Құжаттарын тексермегенім мүлдем дұрыс болмады. Сондықтан да әрине менде бұл үшін жауапкершілік арқалаймын және қаржы құйған тұрғындардан тағы да кешірім сұраймын. Қазіргі уақытта жаңа түсірілім жасап, аталған құрылыс компаниясына қатысты барлық шындықты, мұның бәрі қалай болғанын, олардың ақшаны қалай алғанын, одан кейін не істегенін айттық. Және де қазіргі уақытта күш-жігерімізді біріктіріп, жаңа инвестор табуға тырысып жатырмыз, - деді тілші.
Ол компания өзін адалдығына сендіргенін айтады: мұның алдында олар үлескерлерді алдамапты-мыс, рұқсат құжаттары бар, Өскеменде басқа жобалары болған.
Мен ештеңе сұрағаным жоқ. Әрине, бұл менің қателігім болды. Әкімдікпен де қарым-қатынасым жақсы емес еді. Сондықтан ол жаққа бармауға тырыстым. Иә, олар (құрылыс компаниясы) маған ұзақ уақыт хабарласып, «жергілікті бизнес үшін алаңдаймыз, құрылыстың қалай жүріп жатқанын, қандай мәселелер бар екенін көрсетеміз» деген еді. Содан кейін келіскен болатынмын, - деп мойындайды ол.
Журналист түсірілімнің коммерциялық болғанын атап өтеді. Бірақ құрылыс барысы туралы пайдалы ақпарат беруді мақсат тұтты.
Мұның үстіне бұл жай ғана жарнамалық түсірілім емес. Бұл – құрылыс жайлы түсірілім. Кірпіштің, пеноблоктың қалай жасалатынын, терезелердің қалай дайындалатынын анықтадық. Сол кәсіпорындардың бәріне барып, түгелін көрсеттік. Яғни, түсірілім барынша пайдалы болғанын, адамдардың құрылыс қала жүргізілетінін білгенін қаладық. Тек ол коммерциялық болғандықтан аталған компания төлем жасады және біз мысал ретінде олардың тұрғын үйлерін түсірдік. Сондықтан да айналып келгенде бұл да жарнама фактісі ғой, - деп атап өтеді Асхат Ниязов.
Бейнематериал жарық көргеннен кейін тілшіге DALA SK клиенттері тарабынан құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілгеніне қатысты шағымдар түсе бастаған.
Журналист зардап шегушілермен хабарласып, компания басшылығымен кездескен және клиенттердің қаражаттарын қайтаруға қол жеткізген. Бірақ кейінірек Семейдегі тұрғын үй кешенінің рұқсат құжаттарынсыз салынғаны белгілі болған.
Біз DALA-SK-ке бардық, басшыларын жинадық. Ол жерде Дәурен, Мұратбек болды. Олар маған: «Болды, болды, сіздің жағдайыңызды тіпті білмей қалдық. Бізде ол жерде мыңдаған нысан, пәтер бар және сіздің кейсіңізді білмей қалдық. Бәрін шешеміз», - деп уәде берді. Олар сол қаражаттарды қайтаруы үшін 2 ай бойы күн сайын Дәуренмен хабарласып тұрдым. Біз сапасыз немесе толық бітпеген жұмыстары үшін қарыз ақшаларын әупірімдеп жүріп қайтардық. Бірнеше айдан кейін олар мен хабарласқандардың бәріне ақшаларын қайтарып беріп, мен сабама түстім. Ол ұзаққа бармады. Өйткені, Семейден тергеуші хабарласып, олар салған тұрғын үйдің заңсыз екенін айтты, - деді ол.
Оның айтуынша, DALA SK компаниясы басшыларының бірі болған Дәурен тұтқынға алынып, қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар ол тұрғын үйді салу үшін жұмыстарды рұқсатсыз бастап кету мүмкіндігін болдырмау үшін құрылыс саласындағы заңнаманы қайта қарау керектігін айтады.
Асхат Ниязов ендігі уақытта құрылыс секторына мүлдем араспайтынын айтады. Сондай-ақ ол азаматтарды құрылыс компанияларының құжаттарын мұқият тексеруге және қаражатты салмас бұрын заңгерлермен міндетті түрде кеңесуге шақырды.
Фото: видеодан скрин


Ең көп оқылған
