LRT ісіндегі басты күдіктілер анықталды

Malim Админ

  • 13.05.2025

Ұзақ жылдан бері іздеуде жүрген Талғат Арданның Түркияда ұсталғаны белгілі болды. Ол LRT құрылысына бөлінген қаражатты ұрлау қылмыстық ісіне күдікті болған кезінде шетелге бой тасалап үлгерген екі шендінің бірі. 


9 мамырда Анталья қаласының соты Т.Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазіргі уақытта қамауда. Қазақстанның құзыретті органдары оны Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады.

Ал екінші шенді – Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков. Оның да шетелге бой тасалап кеткені белгілі. Әлі құқық қорғау органдарының қолына іліккен жоқ. 2023 жылдың қазанында Бас прокуратура күдіктінің АҚШ-та болуы мүмкін екендігін айтқан-ды. 

Ішкі істер министрлігі, Интерполдың ұлттық орталық бюросы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен бірлесіп, Т.Ардан мен Қ.Сұлтанбековті іздеу жұмысын жалғастырып жатыр. 2020 жылы Қ.Сұлтанбековтің АҚШ аумағында жүргені туралы мəлімет келді. Сол жылы Бас прокуратура АҚШ-тың әділет департаментіне Қ.Сұлтанбековті ұстап беру туралы өтініш жолдады, - деп атап өткен болатын ведомстводан.

2023 жылдың мамырында Қанат Сұлтанбеков Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-тармағы және 28-баптың 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. Соған орай сот оған сырттай мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен еді.

Бас прокуратура Қанат Сұлтанбеков қолға түспей оған жарияланған халықаралық іздеудің күші жойылмайтындығын айтып отыр.

2023 жылғы 3 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты осы екі шендіден бөлек мына азаматтарға да LRT ісі бойынша үкім шығарды:

Р. Аманжолов

Ж. Нұрпейісов

Т. Әшім

У. Ачилов

Д. Әбдіхамитов

Т. Қасабаев

Д. Мусенов.

Олар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салуға жәрдемдескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Соның ішінде Т.Әшім, Т.Қасабаев, Д.Мусеновке қатысты ҚК-нің 63-бабы – шартты соттау қолданылды.

Айтпақшы, қараша айында сот LRT-нің экс-басшысы Талғат Арданның сыртынан жаңа үкім шығарды. Бұл жолы оған қызмет мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, Қытайдың мемлекеттік даму банкінен LRT құрылысына нақты қажеттіліксіз сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн долларды (Ұлттық банктің 2016 жылғы желтоқсандағы ресми бағамы бойынша 85,9 млрд теңге) сұратты деген айып тағылды.

Осылайша ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша да (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдаланудың ауыр салдары) кінәлі деп танылды. Бұл қылмысы үшін оған тағы 4 жыл 8 ай жаза кесілу керек болған. Судья Қылмыстық кодекстің 58-бабы 6-бөлігіне сүйеніп, түпкілікті жаза ретінде оны 9 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

Тергеу барысында күдіктілерге тағылған айыптарға қарағанда, Астана қаласы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеген Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарған Талғат Ардан LRT, BRT, ITS, техникалық қадағалау және Astra жобаларына бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрлаған. Бұл ретте Қ.Сұлтанбеков қызметтердің құны жоғары жиынтық-сметалық шығындарды бекіткен. Сонымен қатар, ол испандық компанияны тартқан және оның мүдделерін қолдаған. Т.Ардан да жиынтық-сметалық шығындарға қол қойған. Француз компаниясын тартып, оның мүдделеріне қолдау көрсеткен.

Ақшалай қаражатты ұрлауда Д.Әбдіхамитов, У.Ачилов көмекші болған. Д.Әбдіхамитов қаражатты жымқыру үшін бірнеше ЖШС-ні тартып, осы фирмалардың мүддесін қорғаған. Жобаны жүзеге асыру үшін алынған қаражаттың қолма-қол ақшаға айналуын бақылаған. ЖШС директоры қызметін атқарып жүрген У. Ачилов фирмалардың шоттарына есептелетін жоғарылатылған сомалармен орындалған жұмыс актілеріне қол қойған.

Сондай-ақ Р. Аманжолов, Ж. Нұрпейісов және Т. Әшім де ақшалай қаражатты ұрлауға көмек көрсеткен. Р. Аманжолов пен Ж. Нұрпейісов Астана қаласы әкімдігі басқармаларының басшылары бола отырып, қызметтерді мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы құжаттарға, экономикалық қорытындыларға қол қойып, сол арқылы әлеуетті қызмет көрсетушілер тобына жағдай жасап, шектеу қойған. Олар жоғары бағамен қорытындыларды рәсімдеген. Т.Әшім «Astana Innovation» АҚ басқарма төрағасы бола тұра экономикалық сараптама мен техникалық-экономикалық негіздемені жоғарылатылған бағамен бекіткен. Т.Қасабаев пен Д.Мусенов ЖШС директорлары бола отырып, LRT және BRT жобаларын қымбат бағамен әзірлеуге қосалқы мердігерлік шарттар жасасқан және ақша шығарумен айналысқан.

Айыпталушылардың кінәсі сот барысында куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың, мамандардың қорытындыларымен және істің басқа материалдарымен дәлелденген.

Осы жылдың сәуірінде елорда прокуратурасы мемлекетке, яғни Астана қаласының әкімдігіне қарасты «City Transportation Systems» ЖШС-нің (бұрынғы атауы «Astana LRT») пайдасына қатысты сот актілерінің орындалу барысына талдау жүргізгенін жария етті. Талдау мәліметтеріне сәйкес, борышкерлер мемлекет балансына жалпы саны 40 жылжымайтын мүлікті, оның ішінде 39 тұрғын үй емес жай және ауданы 12,8 гектар темір жолы бар асфальт-бетон зауытының жылжымайтын мүлікке қызмет көрсету жер учаскесін қайтарған.

Қайтарылған активтердің жалпы құны – 920 млн теңге. Сонымен қатар мемлекеттің пайдасына құны 615 млн теңге тұратын тағы 37 мүлік нысан қаралып жатыр, - деген прокуратура бұл бағыттағы жұмыстың жалғасып жатқанына назар аудартты.

Фото: Радмир Фахрутдинов / Liter.kz


 

Байланысты жаналықтар

Науқасты мүгедек немесе мерт қылған дәрігерді жазалана ма? - ДСМ

13.05.2025

Ақмола облысында он күн бұрын жоғалған 6 жастағы баланың мәйіті табылды

11.05.2025

Мемлекеттік рәміздерге жауапкершілік күшейтіледі

11.05.2025

ҰҚК халықаралық есірткі жеткізу арнасын жойды

10.05.2025

Банк қызметкерлерінің үстінен алаяқтықпен байланысты 61 іс тергеліп жатыр

10.05.2025

Алматы тауларында студент қыз көз жұмды

08.05.2025
MalimBlocks
Науқасты мүгедек немесе мерт қылған дәрігерді жазалана ма? - ДСМ

Ақмола облысында он күн бұрын жоғалған 6 жастағы баланың мәйіті табылды

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды

Мемлекеттік рәміздерге жауапкершілік күшейтіледі

Конституциялық заңға өзгеріс енгізіледі

ҰҚК халықаралық есірткі жеткізу арнасын жойды

Банк қызметкерлерінің үстінен алаяқтықпен байланысты 61 іс тергеліп жатыр

Клиентке биометриялық сəйкестендіру жəне ЭЦҚ құралдары бір мезгілде қолданылған кезде ғана шарт жасасуға рұқсат етіледі

Алматы тауларында студент қыз көз жұмды

Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр