Павлодар-Астана жолындағы көлік апаты: Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеме жасады

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодар – Астана тас жолында балалар зардап шеккен жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді.
Комитеттің мәліметінше, апат кезінде 2011–2012 жылдары туған балалар командалары арасындағы футбол турниріне қатысу үшін Астана қаласына бара жатқан жеке футбол мектебінің тәрбиеленушілері болған.
Балалардың ата-аналары жарысқа қатысуға және көлікпен жүруге келісімін WhatsApp мессенджеріндегі ортақ чатта жазбаша түрде берген. Алайда, жеке футбол мектебінің өкілдері балаларды тасымалдау туралы жергілікті және құқық қорғау органдарына хабарламаған, — деп атап өтті ведомство.
Сонымен қатар комитет бұған дейін барлық жергілікті атқарушы органға балаларды тасымалдауды ұйымдастыру жөнінде нақты талаптары бар нұсқаулықтар жолдағанын, онда ілеспе адамдардың жауапкершілігі, көліктің техникалық жағдайы және қажетті құжаттардың болуы міндетті түрде көрсетілгенін еске салды.
Қазіргі уақытта 16 баланың 15-і үйлеріне жеткізілді. Бір бала бүгін санитарлық авиация арқылы Павлодар қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, емін тұрғылықты жерінде жалғастырады. Павлодар облысындағы балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл зардап шеккен баланың анасымен байланыста, — деді комитет өкілдері.
Еске сала кетейік, Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылып, жаттықтырушы көз жұмды. Қаза тапқан ер азамат 1990 жылы туған. Автобусты патрульдік көлік сүйемелдемегені белгілі болды.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
MalimBlocks

Алматыда жүк көлігі 7 жасар қызды қағып кетті: автобус жүргізушісі жауапқа тартылды
Полицейлер Алматыда болған жол апатына қатысты автобус жүргізушісін жауапқа тартты. Жаяу жүргіншілер өткелінде қызды өткізбеген автобус жүргізушісі туралы сөз болып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді