Қайырымдылыққа жиналатын қаржыға тоқтау салына ма? Министр Балаева жауап берді
Министр мәселенің қоғамдық талқылауға қашан шығарылатынын айтпады
Қайырымдылық мақсатында ақша жинауды заң тұрғысынан реттеу мәселесі қарастырыла ма? Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осыған қатысты пікір айтты.
«Жұмыс тобы құрылды, мәселе талқыланып жатыр. Нақты шешімдер әлі жоқ, өйткені барлық ұсынысты жинап, сарапшылардың пікірін зерттейміз. Мұндай бастамалар жай ғана қабылданбайтынын түсіну керек. Алыпсатарлық, алаяқтық фактілер бар. Осыған орай қайырымдылық көмек тетігін жетілдіру мәселесін қарастырамыз», - деді Аида Балаева Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беру барысында.
Министрдің айтуынша, қайырымдылық мақсатында қаржы жинау тетігін реттеу мәселесі азаматтық қоғамның қатысуымен кеңінен, жан-жақты талқылануы тиіс. Дегенмен ведомство басшысы аталған мәселені қоғамдық талқылауға қашан шығарылатынын айтпады.
«Бұл қадам азаматтардың мүддесі үшін, яғни көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу үшін жасалғанын түсінемін», - дейді ол.
Фото: Gov.kz