Түркістанда мүгедекті зорлаған үш адам сотталды

Түркістан облысында азаматтың денсаулығына, ар-намысы мен бостандығына қарсы аса ауыр қылмыс жасаған үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты.
Келес аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы және 121-бабының 2-бөлігінің 1,4-тармағы бойынша айыпталған үш адамға қатысты қылмыстық істі қарап, заң аясында шешім қабылдады.
Сот тергеуінде анықталғандай, айыпталушылардың бірі биылғы 7 ақпанда өзінің материалдық жағдайын жақсарту мақсатында Келес ауданында тұратын туысының үйіне заңсыз кіріп, 41 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты жасырын түрде ұрлаған. Алайда ол мұнымен тоқтамай, үйде жалғыз қалған 2001 жылы туған ІІ топтағы мүгедек адамның дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
Бұдан кейін, 16 ақпан күні айыпталушы өз үйінде жәбірленушіні қайта көріп, екі серіктесімен алдын ала сөз байласу арқылы жәбірленушіге қатысты тағы да зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
- Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оларға 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушылар кінәсін мойындамай, өздеріне қатысты ақтау үкімін шығаруды сұрады. Сот үкімімен үш айыпталушы 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар сот шешімімен жәбірленушінің пайдасына 5 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіру туралы қаулы қабылданды. Аталған үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген Түркістан облысытық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында жасөспірімге азғындық әрекет жасаған мұғалім сотталғанын жазған болатынбыз.
Фото: pexels.com