Жалған ақпарат таратушы блогерлер мен инфлюенсерлерге жаза қатаң

Кейінгі уақыт бедерінде қоғам арасын алатайдай бүлдіретін шындыққа мүлдем сәйкес келмейтін ақпаратты тарату оқиғалары белең алып барады. Осы жағдайдың кесірінен көпшілікті сақтандыру мақсатында Бас прокуратура өкілдері жаңа заң бойынша қандай жаза қарастырылғанын атап өтті. Себебі, өтірік ақпарат өкінішті жайттарға ұрындыратыны сөзсіз.
Баршаңызға мәлім, осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылдан бері ел көлемінде «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қолданысқа енген болатын. Сәйкесінше, «блогер немесе инфлюенсер» және «жалған ақпарат» деген заманауи ұғымдар енгізілген еді. Олардың мәртебесі қандай? Нені айқындап, нені жетік білуіміз керек?
Қазір кәсіпкерлік жұмыс үшін онлайн сайттар мен платформаларды, әлеуметтік желілерді қолдана отырып ақпарат таратушылар аз емес. Олардың деректері тұлғалардың белгісіз тобына бағытталады. Тәптіштеп айтқанда, бұл кәсіп иелері блогерлер немесе инфлюенсер деген атауға ие.
Заң шығарушы орган онлайн-платформа арқылы интернет-ресурстарды, ғаламтордағы бағдарламаларды, контентті әзірлеуге, оны таратуға һәм сақтап қоюға арналған жылдам хабар алмасу қызметін айқындады.
Аталмыш құжатта онлайн платформаларды пайдаланушылардың құқығы мен міндет-мақсаттары белгіленіп отыр. Заң нормаларында контентті аудиторияға ұсыну, онлайн платформаларда еркін пікір білдіруге шектеу қойылмаған. Бастысы – расталған, шынайы ақпарат.
Егер де ақпаратты тарату кезінде жалған дерек ұсынылса өзге адамдардың конституциялық құқықтарына нұқсан келеді. Сол себепті Заңға сай әкімшілік жауапкершілік мәселесі қолданылатынын ескертеді.
Сонымен, әкімшілік құқық бұзу туралы Кодекстің 465-2 бабы жалған ақпаратты орналастырып, таратқандарға тікелей қатысты. Мұндай кезде шындықтан алшақ жатқан информацияны желдей есіргендер жиырмадан бастап 250 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Олардың қатарында заңды және жеке тұлға саналатын блогерлер бар.
Құқық бұзғандар 78 000-нан 980 000 теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Егер теріс әрекет жасаушылар анықталса, ол жыл көлемінде қайталанар болса, сот қатаң шара қолданады. Анықтап айтсақ, 15 күнге дейін қамауға алынады.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, кім де кім өтірік ақпарат тарату барысында қоғамдық тәртіпті бұзып, ұйымдарға, мемлекетке айтарлықтай залалын тигізсе мұндай қадамдарға заң аясында жауапкершілік жүктелмек. Ережеге бағынбағандар Қылмыстық кодекстің 274-ші бабымен жазаға тартылмақ.
Жаңа заңдағы маңызды тұстар азаматтарға шын ақпаратты жалған түрінен қалай ажырату керектігін ұғындырады. Осы арқылы Сіз де бойыңызды «фейктерден» аулақ ұстауға әдеттенесіз.
Фото: istockphoto.com

Ең көп оқылған
