Жасөспірімді көлікпен қағып, бірнеше рет пышақтағандар сотталды

Жасөспірімді көлікпен қағып, бірнеше рет пышақтаған, атыс қаруын қолданған бір топ сотталушы 11-22 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші тараптың моральдық, материалдық шығыны өтеледі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіру, қорқытып алу ісі бойынша айыпталған 10 сотталушыға үкім оқылды. Сот үкімімен А.Нысаналиев және М.Дилшодбекұлы 20 жыл, Д. Құсманов 22 жыл, И.Саловатов, Ж. Марқабаев, Р. Сағынбаев, Т. Есхожин, С.Типаев, Ә.Сағынов 15 жыл 6 ай, Н. Бақтыбаев 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталушы А.Нысаналиев, М.Дилшодбекұлы, Д.Құсмановтың әрқайсысынан 6 млн теңге, барлығы 18 млн теңге моральдық зиян өндіріледі. Сонымен бірге үшеуі 2 959 152 теңге мүліктік шығынды төлеуі тиіс. Сотталушылардан барлығы заңгер көмегіне қажет болған 1,5 млн теңгені төлейді.
Сот қылмысты ұйымдастырушы Нысаналиев, Дилшодбекұлы, Құсмановтың кәмелетке толмаған жәбірленушіні пышақтап, өмірін қиды деген тұжырымға келді. Осы үш сотталушыны адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, қасақана қазаға ұшыратқан деп тапты. Саловатов үйінен бесатар атыс қаруын алып шыққан. Марқабаев және басқалар екі және одан да көп адамды қасақана қазаға ұшыратуға оқталған. Ақырына дейін жетпеген. Барлығы 32 жәбірленуші болған. Бір баладан басқасы қашып кеткен, қуған, жете алмаған, қылмысты ақырына дейін жеткізе алмаған. Әлішер Нысаналиевтің тісі сынды, мұрны сынды, ұялы телефонды алып кетті деген желеумен басталған. 300 мың теңге немесе қымбат телефон алып беру талабы қойылған. Нысаналиев, Құсманов және оларға Дилшодбекұлы қосылған. Үшеуі спорт клубынан балаларды жинады. Барлығы да келісіп, барған деген тұжырымға келді, - деді судья Жәнібек Сейтжаппаров.
Еске салсақ, былтыр мамыр айында жастар жаппай төбелесіп, сол түні ауруханаға 8 адам түсті.
Іс биыл наурызда сотқа түсіп, 10 айыпталушыға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, Ақтөбе қаласының орталық саябағында кәмелет жасқа толмаған бозбала өз қатарласын ұрып жіберген. Кейін ол бұл жайында ағасына айтып, ағасы әлеуметтік желі арқылы өз інісін ұрған бозбаланы іздейді. Екі тарап кездесуге келісіп, кездесу орнын № 1 орта мектеп ауласына белгілейді. Кездесу орнына бір тарап топ болып жиналып барып, екіншісінде ағасы екі досын ертіп барады. Сол кезде інісіне жасағанын еске салған айыпталушы сотта жәбірленуші болып отырған бозбалалардан өтеуіне 300 мың теңге ақша мен қымбат маркалы ұялы телефон талап еткен. Бірақ олар келіспей, кездесу орнын Мал базарындағы автотұраққа белгілейді. Сол жерде бір жасөспірім көз жұмды.
Фото: pixabay


Ең көп оқылған
