Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары қарсаңында «Российская газета» басылымында «Вечная дружба – путеводная звезда для наших народов» атты мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан мен Ресей - одақтас мемлекеттер және стратегиялық әріптестер. Тарихтың өзі біздің мызғымас достығымызды, барлық саладағы кең ауқымды ынтымақтастықты және гуманитарлық саладағы тығыз ынтымақтастықты алдын ала белгілеп берді, - деп басталады Президент мақаласы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеріліп келе жатқанына назар аударады. Астана мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас еуразиялық кеңістіктегі көптеген іргелі процестерге шешуші ықпал ететінін атап өтеді.
Бұған дейін хабарланғанындай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады.
Мемлекет басшысы Президент Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді.
Сондай-ақ Орал қаласында өтетін ХХІ Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысады.
Сапар аясында бірқатар екіжақты маңызды құжатқа қол қою жоспарланып отыр.