Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаева мас күйінде көлік жүргізгені үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі 2026 жылғы 22 қаңтарда қабылдаған шешімінде судьяның әдеп нормаларын өрескел бұзғанын атап өтіп, оған қатысты тәртіптік жаза ретінде қызметінен босату шарасын қолданды.
Сот жюриінің кезекті отырысында барлығы 10 судьяның тәртіптік ісі қаралған. Тексеру қорытындысы бойынша алты судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың төртеуі сот ісін қарау барысында заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін жазаланды: үш судьяға ескерту, бір судьяға сөгіс жарияланды. Тағы екі судья судья әдебінің талаптарын сақтамағаны үшін қызметінен босатылды. Екі судьяға қатысты тәртіптік іс олардың әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылды. Сонымен қатар, тағы екі судьяға қатысты материалдарды қарау кейінге қалдырылды.
Еске салсақ, қараша айының басында әлеуметтік желілерде Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаеваның мас күйінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Кейін бұл мәліметті Ішкі істер министрлігі ресми түрде растады. Ал биылғы жылдың қаңтар айының басында сот Әсел Досаеваны мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін кінәлі деп танып, 786 400 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған болатын.
Бұған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған судья Әсел Досаеваға қатысты шешім шығарған еді.