freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Мектеп мұғалімі бір өзі 276 баланы асырап алып, ел күтпеген қадамға барды

Әлем
Мектеп мұғалімі бір өзі 276 баланы асырап алып, ел күтпеген қадамға барды
scmp.com

Қытайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бай Цзянь 276 баланы асырап алып, оларды спортқа тәрбиелеуімен танымал болды. Оның өмір жолы туралы South China Morning Post басылымы жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

52 жастағы ұстаз "Қытайдың супер әкесі" атанып кеткен. Ол алғашқы баланы 1995 жылы қамқорлығына алған. Сол кезде мектепке жаңа жұмысқа орналасқан Цзянь бір оқушының сабақтан жиі қалатынын және сыныптастарынан тамақ ұрлайтынын байқайды. Кейін оның ата-анасы тастап кеткенін біліп, өз үйіне алып кеткен.

Осыдан кейін мұғалім жетім және қиын жағдайдағы балаларға жүйелі түрде көмектесе бастайды. Оларды асырау үшін қосымша жұмыс істеп, қарыз алып, анасы мен әпкелерінен де қолдау сұраған. Барлық асыранды балаларын спортқа баулыған.

Цзянь күн сайын балаларды таңғы 4:30-да оятып, жүгіруге алып шығады. Ауа райына қарамастан, олар күн сайын 12 шақырымнан астам қашықтықты жүгіріп өтеді.

Ұстаздың айтуынша, спорт – әлеуметтік жағдайы төмен балалар үшін үлкен мүмкіндік.

"Спорт – әділ. Қанша еңбек етсең, сонша нәтиже аласың", – дейді ол.

Бүгінде оның тәрбиесін көрген көптеген балалар кәсіби спортшы атанып, кейбірі жоғары оқу орындарында оқытушы, мемлекеттік қызметкер немесе әскери сала маманы болып қалыптасқан.

Цзянь 46 жасында ғана үйленген. Бұған дейін оның қайырымдылықпен айналысқан өмір салтын қабылдай алмағандықтан, бірнеше қыз-келіншек одан бас тартқан. 2020 жылы оның өз ұлы дүниеге келген.

"Мен ешқашан шаршамаймын. Балаларды және спортты жақсы көремін. Күн сайын сүйікті ісіммен айналысамын", – дейді ол.

Бұған дейін Ұлыбритания тұрғыны Кристофер Филлипс анасының мәйітін үш жыл бойы жерлемей, мұздатқышта сақтағанын және ол бұл әрекетке қаржылық пайда табу мақсатында барғанын жазған едік.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу