Грузия билігі сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталған «Транстелеком» компаниясының бұрынғы басшысын Қазақстанға экстрадициялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәлімдеді. Тергеу мәліметінше, күдікті сыбайластарымен бірге спутниктік және телекоммуникациялық жабдықтарды жалға беру бойынша заңсыз келісімшарттар жасаған. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 4 миллиард теңгеден асқан.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті елден кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2026 жылдың наурыз айында Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан тарапының сұрауы бойынша елге жеткізілді.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, осы іске байланысты 2020 жылы компанияның тағы бір бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шыққан. Ол да ұқсас заңсыз келісімдер үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға сотталған болатын.