Бүгін Астанада Құрбан айт мерекесіне орай өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бас мүфтидің айтуынша, Құрбан айт – тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, қайырымдылық құндылықтарын дәріптейтін рухани мейрам.
«Осы орайда еліміздегі барлық кәсіпкер азаматтарды Құрбан айт кезінде мал бағасын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеруге шақырамын. Сондай-ақ жұрт күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларына мүмкіндігінше жеңілдік жасап, қолжетімді баға ұсынуға үндеймін», – деді Бас мүфти.
Айта кетейік, биыл 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні. Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылмандар үшін құрбандық шалу міндеттеледі.
Сонымен қатар Бас мүфти мереке күндері еліміздің өңірлерінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
«Құрбан айт күндері облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Сонымен бірге мәдени-рухани кештер ұйымдастырылады. Барша жамағатты ұлттық киім киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақышта атап өтуге және игі бастамаларға белсенді қатысуға шақырамын», – деді ол.