Әлемдік эталон саналатын Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 126 доллардан асып, соңғы төрт жылға жуық уақыттағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұған АҚШ-тың Иранға қарсы «кеңейтілген блокадаға» дайындалып жатқаны туралы хабарлар әсер етті, деп хабарлайды Malim.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.
ICE биржасында Brent мұнайының маусым айындағы фьючерсі 126,3 долларға дейін көтерілді.
WTI маркалы мұнай бағасы 10,5%-ға өсіп, барреліне 110,5 долларға жетті.
Бағаның күрт өсуі Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімі ұзақ уақытқа үзілуі мүмкін деген алаңдаушылықпен байланысты.
Бұған дейін Wall Street Journal дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ президенті Дональд Трамп көмекшілеріне Иран порттарына ұзақ мерзімді блокадаға дайындалуды тапсырғанын хабарлаған. Бұл қадам ел экономикасына қысым жасау мақсатында қолға алынбақ.
Блокада бомбалаудан тиімдірек, — деген Трамп Axios басылымына берген сұхбатында.
АҚШ шенеуніктері блокада Иранды мұнай ұңғымаларын жабуға және өндірісті тоқтатуға мәжбүр етеді деп үміттенеді. Бұл оның мұнай нысандары толық толған кезде іске асуы мүмкін. Алайда сарапшылар бұл үдерістің қанша уақытқа созылатынына сенімді емес.
Сонымен қатар, сейсенбі күні Chevron компаниясының бас директоры Майк Вирт бастаған энергетикалық компания басшылары Ақ үйде Дональд Трамппен кездесіп, қақтығыстың америкалық тұтынушыларға әсерін азайту жолдарын талқылады.
BBC мәліметінше, мұнай трейдерлері бұл кездесуді Ормуз бұғазының нақты жабылуы ұзаққа созылуы мүмкін деген белгі ретінде қабылдаған.
Ал Oxford Economics сарапшылары өз блогында бұғаздағы алты айлық тығырық мұнай бағасын тамыз айына қарай барреліне 190 долларға дейін жеткізуі мүмкін екенін ескерткен.