Алматыда оқушы өз-өзіне қол салды: желіде мұғалімдерді қызға буллинг жасады деп айыптады

Әлеуметтік желіде 2 қыркүйек күні Алматыдағы жекеменшік мектептің оқушысы суицид жасады деген ақпарат тарады. Мәліметке сәйкес, суицидке буллинг себеп болған. Полиция бұл оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлады.
Оқушының суицид жасағаны туралы жазба желіде жарияланды. Онда қыздың оқу орнының мұғалімдері мен басқа оқушылардың ата-аналары тарапынан буллингке ұшырағаны айтылған.
"2 қыркүйек күні оқушы қыз мектепке үлкен ынтамен, шабытпен барады. Бірақ, бәрі қайғылы жағдаймен аяқталады, бұған кінәлі "Бакалавриат" жекеменшік мектебі. Қыз 11-сынып оқушысы. Ол мектепке бейресми стилде барған. Осы үшін оған мұғалімдер мен оқу ісінің меңгерушілері, тіпті мектеп директоры да тиісіп балағат сөздер айтқан. Тіпті марқұм өмірден озар алдында, ооқушылардың бірінің анасы оның шашынан ұстап қабырғаға соққанын жазған. Осылайша қыз 2 қыркүйек күні мектептен қуылып, үшінші күні шатырдан секіріп кеткен", – делінген жазбада.
Қайғылы оқиғадан кейін желіде әділдік талап ететін акция басталды. Сонымен қатар 2Gis-те мектептің рейтингін түсіруге шақыратын әрекеттер жасалып жатыр. Қазір онда жағымсыз пікірлер жазылып, бір жұлдыздық баға қойылған.
"Менің құрбымды киім стилі үшін, сыртқы келбеті үшін қорлады. Енді ол жоқ, оған осы мектеп кінәлі. Мұғалім емес, өздерінше "ұстаз" болып жүрген адамдар", "Болашақ педагог мамандығын оқып жүрген адам ретінде, мұндай адамдар өзін қалай мұғалім деп атайды", "Қайғылы жағдай жүйелі қысымның, агрессия мен мектеп әкімшілігіің әрекетсіздігінің салдары. Қазір мектеп ештеңе болмағандай жұмысын жалғастырып жатыр. Осылайша олар моральдық жауапкершіліктен жалтарып отыр. Ата-аналар, абай болыңыздарӘ Ең бастысы баланың қауіпсіздігі мен психикалық саудығы. Бұл істі тиісті органдар қолға алып, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейді деп сенемін", – деп жазды олар.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұраған. Олар қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", – делінген хабарламада.
Фото: 2gis

Ең көп оқылған
