457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Әскерде көз жұмаған сарбаздың ата-анасы ұлының суицид жасағанына сенбейді

17 қыркүйекте Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде 19 жастағы сарбаз өлі күйінде табылды. Қайғылы хабарды естіген ата-анасы ұлының денесін тану үшін сол жаққа барды, деп хабарлайды Malim.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.


Дінмұхамед Шынарбек пен оның егіз бауыры Даниял 2006 жылы Шымкентте дүниеге келген. Дінмұхамед Даниялдан 20 минут кейін өмірге келген. Ата-анасының айтуынша, бала кезінен еңбекқор әрі мейірімді болып өсті. 13-14 жасынан бастап үй шаруашылығына көмектесе бастаған.

Ұлым әрқашан жанымнан табылатын. Қайда барсам да, қасымда жүрді. Кішкентай кезінен-ақ: «Әке, көмек керек пе?» – деп жиі сұрайтын. Ондай бала өз-өзіне қол жұмсайды дегенге сенбеймін, – дейді әкесі.

2024 жылдың күзінде әуелі Даниял әскерге шақырылып, Отар гарнизонына аттанған. Көп ұзамай оның ізімен Дінмұхамед те сонда жөнелтілді.

Бастапқыда бауырлар бір бөлімде қызмет еткен. Алайда ант берген соң, Дінмұхамед Матыбұлақтағы №01098 әскери бөлімге ауыстырылған. Қайғылы оқиға да дәл сол жерде болған.

Ол әуелде алты ай бойы бауырымен бірге болып, кейін үйреніп алған соң басқа бөлімге кетемін деген. Бірақ оларды екіге бөлді. Қайғылы жағдай болғанда бізге оның әлі де Отарда екені айтылды. Кейін мәйіттің Қордайға жеткізілгенін, артынша – Алматыға жөнелтілгенін хабарлады. Біресе ана жерде, біресе мына жерде дейді. Біз нақты жауап ести алмадық. Тек бір күні қоңырау шалып: «Балаңыз асылып қалған», – деді, – дейді марқұмның әпкесі Тоғжан.

«ОТАРҒА КЕЛУІМДІ ӨТІНДІ»

Ол мәйітті ашуға қатысып, сот-медициналық сараптама нәтижелерін де естіген. Дәрігерлер өлім себебі – механикалық асфиксия, яғни тұншығу екенін айтқан. Алайда денесінде зорлық-зомбылық белгілері немесе ішкі органдардың зақымдануы байқалмаған.

Алайда отбасы бұл нұсқаға сенбейді.

Мүмкін, ол өлі күйінде асылып қойылған шығар, – дейді Тоғжан.

Марқұмның анасы ұлының туған күнін көз жасын к-лдете еске алады. 29 тамызда Дінмұхамед 19 жасқа толған.

Туған күніне бірнеше күн қалғанда телефон шалып, Отарға келуімді өтінді. «Бірге атап өтейік» деді. Бірақ бара алмадым… Бәлкім, ол бірдеңені сезген шығар… Әскерге кетіп бара жатып: «Отанды қорғаймын», – деді. Бірақ Отан менің баламды қорғай алмады. Мен балаларыма бар мейірімімді төгіп өсірдім, мектепке барды, білім алды. Ел үшін өзім әскери комиссариатқа апардым. Екеуін де тірі жібердім… Ал қайтарғандары : «Міне, алып, жерлеңіз» деген ғана сөз, – дейді анасы.

САРАПТАМА ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Марқұмның жақындары енді сол гарнизонда қызметін жалғастырып жатқан екінші ұл – Даниялды үйге қайтарғысы келеді. Амандық болса, бір айдан соң әскери борышын өтеп бітеді. Алайда отбасы оның өміріне алаңдаулы. Сондықтан тиісті органдардан Даниялды қайтаруға көмектесуді сұрайды.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Қорытындысы 15–30 күн ішінде жариялануы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін әскерде көз жұмған немесе ауыр жарақат алған сарбаздардың ата-аналары әділетттікті талап етіп, наразылық акцияларына шыққан болатын.

Мұндай қайғылы оқиғалар әскерде жиі тіркеліп келеді. Бұл – солардың бірі ғана.

Фото: Orda.kz