Ақтөбе облысында аудан әкімінің орынбасары 2,3 млн теңге көлемінде пара алған

Ақтөбе облысында пара алған Шалқар ауданы әкімінің орынбасарына қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. 23 сәуірінде аудан әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаевқа қатысты үкім шықты.
Олар былтыр 27 желтоқсанда бірігіп, коммерциялық ұйым басшысынан 2,3 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды. Пара мемлекеттік сатып алу аясында орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою, төлем жүргізу және жалпы қамқорлық көрсету үшін берілген.
Сот бұл лауазымды тұлғаларды пара алғаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына мемлекеттік қызметте, судья және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Pixabay.com
MalimBlocks
