Мысырда Ақмарал Мұқанованың өлімі: СІМ істің мән-жайын айтты

Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров Мысырда қаза тапқан қазақстандық Ақмарал Мұқанованың қазасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгін марқұмның денесі Қазақстанға жеткізіледі.
"Барлық рәсім аяқталған соң, денесі бүгін елге жіберіледі. Менің білуімше, тасымалдау шығындарын мысырлық тарап көтеріп отыр. Өтемақы мәселесі де шешілген. Сонымен қатар, саяхатты сақтандырған қазақстандық сақтандыру компаниясы да іске араласты. Жеңіл жарақат алған екі азаматша елге оралды", – деді Қуантыров Мәжіліс кулуарында.
Журналистер тергеу барысына қатысты сұрақ қойған кезде, вице-министр қазір тек тексеру жұмыстары жүріп жатқанын, қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ақпараты жоғын айтты.
"Мысырдың Азаматтық авиация министрлігі арнайы комиссия құрды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып-қозғалмайтынын нақты айта алмаймын, себебі бұл – процедуралық мәселе. Ал егер тергеу тереңдей түссе, Қазақстан тарапы да оған қатысуы мүмкін. Қалай болғанда да, бұл іс біздің бақылауымызда", – деді ол.
Еске салайық, Шарм-эль-Шейх әуежайында жарнама тақтасы құлап, салдарынан қазақстандық әйел қаза тапқан. Төрт адам зардап шеккен. Екі жолаушы ауруханаға жатқызылған, тағы екеуіне медициналық көмек көрсетілген.
Оқиға 17 мамырда болғаны туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлаған. Ведомство қаза болған адамның туыстарымен байланыс орнатқанын және консул барлық мәселе бойынша көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеген.
Фото: әлеуметтік желіден