Өзін Антикор төрағасы ретінде таныстырған адамға айыппұл салынды

Өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде таныстырған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Жуалы ауданының №4 мектебінің директоры Ж.Е. Пернешева мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы болып көрінген белгісіз адам арасындағы телефон арқылы сөйлесу дерегі бойынша хабарлама таратты.
"Департамент жүргізген тексеру шеңберінде Атырау облысының аумағында тұратын ер адамның жеке басын анықтады. Ол өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде көрсете отырып, бұрын еңбек тәртібін бұзғаны (жұмыс орнында мас күйінде болған) үшін жұмыстан босатылған қызметкерді жұмысқа қайта алуға жәрдем көрсетуді сұраған", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты "С"-ның іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық белгілері байқалды, жиналған материалдар құзыреті бойынша Атырау облысының Полиция департаментіне құқықтық баға беру үшін жіберілді.
8 мамырда Полиция департаментімен "С"-ға қатысты жала жабу дерегі бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама (ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы 2-бөлігі) жасалып, Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді.
Сот процесі барысында "С" кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне өкініш білдірді.
14 мамырда сот шешімімен "С" ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Фото: pixabay.com