Қосшыда екі мұғалім мектепте төбелесіп қалған

Қосшыда екі мұғалім мектепте төбелесіп қалды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, олардың біреуі операциялық үстелге түскен, екіншісі де зардап шеккенін айтып отыр. Екеуі де полицияға жүгінген. Жанжал сәуірде болған, алайда мұғалімдер полицияға арызды тек қазір ғана жазған.
IT пәнінің мұғалімі Бекарыс Жақсыбаевтың айтуынша, ол әріптесіне амандаспақ болған, бірақ ол дөрекі жауап қайтарған.
"Мен тек амандасқым келді, бірақ байқамай әріптесімнің бетін қолыммен қағып кеткен сияқтымын. Ол кейін спортзалға шақырды. Мен бардым, сол жерде ол бетімнен ұрды", – деді мұғалім.
Кейін оған жақ сүйегі сынған деп диагноз қойылып, Астанаға жеткізілген. Ол жерде оған операция жасалады. Ал екінші тарап – тарих пәнінің мұғалімі Ильяс Ибрагим – керісінше, өзі соққыға жығылғанын айтады.
"Мен ешкімді ұрған жоқпын. Керісінше, мені ұрды. Дене шынықтыру мұғалімдері бізді ажыратқанша мені соққыға жықты. Мұрным сынған, ізі әлі бар. Бетім түгел көгеріп қалған еді", – дейді ол.
Лицей директоры Өркен Шахметов сол сәтте жағдай соншалықты күрделі көрінбегенін айтып, жедел жәрдем де, полиция да шақырылмағанын жеткізді.
"Жедел жәрдем шақыруға негіз болған жоқ. Ешкім бізден көмек сұраған жоқ. Қазір педагогикалық кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлі кеш емес", – деп түсіндірді мектеп директоры.
Полиция тергеуді бастап кеткен. Кінәлі кім және жағдайдың нақты қалай болғанын енді тергеушілер анықтайды.
Фото: Видео кадры

Самое читаемое
