Самара – Шымкент тасжолында жол апаты болды: үш адам қаза тапты

25 мамырда Самара – Шымкент тасжолының 507-шақырымында болған жол апатынан үш адам қаза тапты. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Malim.kz.
Полицияның мәліметінше, Toyota Camry 60 автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан Toyota Camry 40 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апатының салдары бейнежазбаға түсіп қалған.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Camry 60 көлігінің бір жолаушысы мен Toyota Camry 40 көлігіндегі екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Екінші көліктен тағы үш адам, оның ішінде жүргізуші де бар, ауруханаға жеткізілді", – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда қозғалыс кезінде өртенген таксиден бес адам, оның ішінде екі бала зардап шеккені хабарланған.
Фото: Видео кадры