ОПЕК+ альянсына мүше жеті ел 2026 жылғы қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін түзету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Шешім 2 тамызда өткен онлайн-кездесудің қорытындысы бойынша қабылданды. Жиынға Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман өкілдері қатысты. Тараптар әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдай мен алдағы үрдістерді талқылады.
Кездесу нәтижесінде қатысушы елдер әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында тәулігіне 188 мың баррельге өндіріс көлемін түзетуге келісті.
Бұл өзгеріс 2023 жылдың сәуірінде қабылданған қосымша ерікті өндіріс шектеулерінің бір бөлігіне қатысты. Жаңа өндіріс деңгейі 2026 жылдың қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
ОПЕК+ мәліметінше, бұл қадам қатысушы елдерге бұрынғы артық өндірілген көлемдерді өтеу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттер Ынтымақтастық декларациясы аясындағы міндеттемелерін, оның ішінде ерікті өндіріс түзетулерін толық орындауға бейілді екенін растады. Бұл міндеттемелердің орындалуын Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) қадағалайды.
Сонымен қатар, кездесу барысында қатысушылар 2024 жылдың қаңтарынан бері белгіленген квотадан артық өндірілген мұнай көлемін толық өтеу жөніндегі ниеттерін тағы бір мәрте растады.