111 жастағы әйел ұзақ өмір сүруінің құпиясын айтты
Жапонияда ұзақ қмір сүрген әйел құпиясын бөлісті

Жапонияда ұзақ қмір сүрген әйел құпиясын бөлісті, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Longeviquest порталына сілтеме жасап.
Масае Фурухаси – Хамамацу қаласының ең қарт тұрғыны. 1914 жылы 24 қаңтарда қазіргі Жапонияның Сидзуока префектурасына қарасты Хамамацу қаласында дүниеге келген Масае Фурухаси 111 жасқа толып, ресми түрде ұзақ жасаған адам ретінде танылды. Қазір ол Хамамацу қаласында өмір сүріп жатқан ең егде жастағы адам болып есептеледі.
Фурухасидің ғұмыры – бір ғасырдан аса уақытқа созылған өзгерістер мен сынақтарға толы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жесір қалып, төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, қайын жұртына қамқор болған. Сонымен қатар, отбасылық шаруашылыққа да белсене араласқан.
Ұзақ өмір сүруінің сыры неде?
Ол 80 жастан асқан шағында да белсенді өмір салтын ұстанып, велосипедпен егістікке барып, көкөніс өсіріп, бонсай мен сәндік өсімдіктерді күтіп, күнге қыздырынуды күнделікті әдетке айналдырған. Денсаулығын сақтау үшін теңгерімді әрі қарапайым ас мәзірін ұстанған: таңертең әрдайым тұздалған өрік (умэбоси) жейді, сірке суымен дайындалған тағамдарды жақсы көреді және хара хатибу қағидасын – тойып ішпеуді ұстанады. Ол сүйікті асы ретінде жыланбалықты (унаги) ерекше атап өтеді.
Ұзақ ғұмырына қоршаған ортасы да әсер еткен болуы мүмкін: Масае ұзақ жасаған, белсенді көршілермен жақсы қарым-қатынаста болып, бақ өсіру мен әңгімелесуді ұнатқан. Ол 70 жасына дейін әйелдер қауымдастығының іс-шараларына белсенді қатысқан.
102 жасында жамбас сүйегін сындырып алғанымен, бір айдың ішінде қалпына келген. Қазір Фурухаси Хамамацу қаласындағы қарттар үйінде тұрады. Дегенмен ол әлі де жайлы жағдайда өмір сүріп, жеңіл көмекпен тамақтанып, тұрып жүре алады.
Оның 4 баласы, 7 немересі, 11 шөбересі және 4 шөпшегі бар.
Фото: longeviquest.com