1,3 трлн теңге елге қайтарылды, 850 млрд теңге бюджетке түсті – Бас прокуратура

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысын оң бағалады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, қысқа мерзім ішінде елге 1,3 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылған. Оның шамамен 850 млрд теңгесі тікелей мемлекет кірісіне түсті.
Қайтарылған қаржы есебінен жалпы құны 375 млрд теңгеге 207 су құбыры нысанының, 177 медициналық мекеменің, 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, олигополия субъектілері мемлекетпен келісімге келіп, елге 5,2 трлн теңге инвестиция салуға міндеттелді. Бұл қаражатқа жаңа туристік кешен, көлік-логистика орталықтары, зауыттар салынады. Мысалы, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын тау-кен байыту комбинатының құрылысы жоспарланған.
Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларға 122 млрд теңге қарастырылып, 16 мектеп пен балабақша, 8 амбулатория мен аурухана, 13 спорт кешені, 16 мәдени-демалыс нысаны салынбақ. Бұл 8 мыңнан астам қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бас прокуратура атап өткендей, бұл бағыттағы барлық жобаларға қатаң бақылау орнатылады. Ал Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет енді Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылады. Оның басты мақсаты – ел экономикасына инвестиция тарту, соның ішінде заңсыз шығарылған қаражатты да қайтадан Қазақстанға әкелуді ынталандыру.
Фото: gov.kz