Ақтау маңындағы ұшақ апатын суретке түсірген блогер бостандыққа шықты
Ол полицияның айтқанына бағынбағаны үшін ұсталған еді.
Ақтау әуежайының маңындағы ұшақ апатын суретке түсіргені үшін қамауға алынған жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев бостандыққа шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы блогердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
Қош келдің, 2025... Ер адамның басынан не өтпейді!? 10 күн бойы, үйден 150 шақырым алыста осы нәрсені көп ойладым. Шынымды айтсам, мұндай нәрсе басымнан өткеніне де ризамын. Жалпы, достар, көп нәрсе жазғым келеді. Бірақ ең алдымен әйелім мен балаларымды құшағыма басып, ыстық душқа түсіп, жылы жерде ұйықтап алғым келеді. Қалғанын сосын айтамын, себебі менің айтарым бар... - дейді блогер.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған жерді түсірген блогер ұсталғаны белгілі болды. Ол түсірілімді әзербайжандық БАҚ-тың сұрауымен жасағанын алға тартқан соң, полиция оны босатқан, алайда Сәрсенбаев қайта ұсталып, сотқа жеткізілді.
Фото: facebook.com/azamat.sarsenbaev