Франицяның Украинаға берген Mirage 2000 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады

Украина Қарулы Күштерінің Әуе күштері таратқан мәліметке сәйкес, 22 шілде, сейсенбі күні кешке ұшу тапсырмасын орындау барысында Mirage 2000 жойғыш ұшағында техникалық ақау болған. Ұшқыш катапультпен секіріп үлгерген, қазіргі жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Malim.kz.
"Жерде зардап шеккендер жоқ. Авиациялық оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды", – деп хабарлады Әуе күштері.
Қай өңірдің әуе кеңістігінде оқиға орын алғаны нақты көрсетілмеген. Алайда, "Азаттық радиосының" дерегінше, оқиға Батыс Украинадағы Волынь облысында болған.
Әуе күштері өкілі, полковник Юрий Игнат "Украинская правда" басылымына берген сұхбатында ұшқыштың:
"Ұшақты басқару мүмкін болмады, бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін істеп, әуе кемесін елсіз жерге, елді мекеннен алысқа бағыттадым", – деген сөзін келтірді.
Игнаттың айтуынша, "дүние жүзінде авиациялық техникадан ақау шығуы сирек емес, сондықтан арнайы комиссия оқиғаның нақты себебін анықтайтын болады".
Франция президенті Эммануэль Макрон 2024 жылдың маусымында Украинамен жаңа ынтымақтастық басталғанын, атап айтқанда, Dassault компаниясының Mirage 2000-5 жойғыштарын Киевке беру және украин ұшқыштарын Францияда даярлау жоспары бар екенін мәлімдеген болатын.
Сол жылдың қазанында Франция қорғаныс министрі Себастьен Лекорню жеткізілімнің 2025 жылдың алғашқы тоқсанына шегерілгенін хабарлады.
Алғашқы Mirage 2000-5 жойғыш ұшақтары 2025 жылдың ақпанында Украинаға жеткізілді.
Фото: Anthony Jeuland/Ministère de la Défense/dpa/picture alliance

Ең көп оқылған
