Ақтауда «Әділдік және өркендеу» қорының қоғамдық қабылдауы ашылды
Қор азаматтарға заңгерлік көмек көрсетумен айналысады
Ақтауда «Әділдік және өркендеу» қорының тағы бір қоғамдық қабылдауы ашылды. Бұл ұйымның ел аумағындағы алтыншы қабылдауы. Қоғамдық қабылдаулар республика бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Ақтөбеде жұмыс істейді. Мұнда құқықтық қолдауға мұқтаж әрбір азамат жүгіне алады, деп хабарлайды Malim.kz.
«Әділдік және өркендеу» ҚҚ директоры Дана Рысмұхамедованың айтуынша, Маңғыстау облысында қабылдаудың ашылуы еңбек жанжалдарының туындау қаупі жоғары мұнайлы өлке үшін маңызды.
Қоғамдық қабылдау қор жақтастары, қазақстандықтардың еңбек және тұрмыстық жағдайын жақсартуға атсалысқысы келетін белсенді және бей-жай қарамайтын азаматтар жиналатын орын. Біздің өкілдеріміз өңір тұрғындарына заңгерлік көмек көрсетіп, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға ықпал ете алады, дейді қор басшысы.
Қысқа уақыт ішінде өңірлердегі қоғамдық қабылдаулардың қызметі жақсы нәтиже көрсеткен. Мәселен, Қордың Түркістан облысындағы қоғамдық қабылдауына наурыз-мамыр айлары аралығында 279 өтініш келіп түскен. Оның 60%-ы орындалған, қалғаны әлі қаралып жатыр.
Аймақ тұрғындары негізінен, жеке отбасылық, ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар бойынша және жер дауларын шешу жөнінде құқықтық көмек алып, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа шағымданған.
Қор өкілдері әр өңірде өтініштердің өзіндік ерекшелігі бар екенін атап өтті.
Алматы және Алматы облысының азаматтарының көбі қабылдауға экология, ТКШ, әлеуметтік төлемдер мәселелер бойынша келеді, тұрғындар мемлекеттік органдардың жұмысына көңілі толмай, шығарлыған сот шешімдерін қайта қарауды талап етеді, дейді қор өкілдері.
«Әділдік және өркендеу» қорының Алматыдағы белсенділерінің айтуынша, қазір олар қаладағы апатты тұрғын үй кешендерінің бірінің мәселесін шешумен айналысып жатыр. Бұл үйдің төбесі ағып, инженерлік коммуникациялар жарамсыз болып, ойын алаңдары тозған. Осы мәселеге қатысты қабылдауға 30 адамнан ұжымдық өтініш келіп түскен.
Көктемде Астанада елорда мен жақын маңдағы аудандардың 220-дан астам тұрғыны заңгерлерден құқықтық көмек алған. Кеңес алуға өтініш білдіргендердің арасында құрылыс және тазалау компанияларының жұмысшылары, медицина қызметкерлері, жүргізушілер, аспаздар, тігіншілер және басқа да мамандық иелері бар. Қордың елордалық филиалының қоғамдық қабылдауында көбіне еңбек даулары, банкроттық, қарыздарды өндіріп алу және алаяқтыққа қатысты істер қаралған.
Кез келген азамат кеңес алу үшін «Әділдік және өркендеу» қорының қоғамдық қабылдауларына жүгініп, білікті көмек ала алады.
Қордың қоғамдық қабылдауларының байланыс телефондары мен мекенжайлары:
Астана +7 775 293 97 83;
Алматы +7 707 323 74 70, Әйтеке би көшесі, 27;
Ақтөбе облысы +7 707 516 90 68, Ливенцов көшесі, 4, 6 кеңсе;
Түркістан облысы +7 702 951 28 28, Тәуке хан даңғылы 371, 218 кабинет;
Шымкент +7 747 849 26 47, Бейбітшілік көшесі 3А, 4 қабат, 409 кабинет;
Ақтау +7 775 06 83 440, +7 702 123 76 77, 2 ш/а, «Орда» бизнес-орталығы, 313 кабинет.
Сонымен қатар қазақстандықтардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында қор белсенділері «Әділдік құқығы» онлайн-жобасын іске қосты. Оның аясында білікті заңгерлер азаматтардың adildik.org.kz@gmail.com электрондық поштасына жіберген сұрақтарына жауап береді.
Фото: «Әділдік және өркендеу» ҚҚ