Арабтар некеге тұру ережесін өзгертті

Генетикалық тест тұқым қуалайтын ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді

Сабина Асқарқызы

  • 05.01.2025

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біріккен Араб Әмірліктерінің барлық азаматтары үшін некеге тұрмас бұрын генетикалық тестілеу міндетті болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл шешім ел тұрғындары арасында генетикалық ауытқулардың жиі кездесуіне байланысты қабылданды.

Бұған дейін некеге тұру алдында генетикалық тестілеу міндетті емес болатын, тек ел азаматтары мен шетелдіктер үшін неке алдындағы медициналық тексеруден өту талап етілетін. Енді генетикалық тестілеу неке алдындағы міндетті скрининг бағдарламасының бір бөлігі ретінде барлық некеге тұруды жоспарлаған БАӘ азаматтарына міндетті болмақ.

Бұл шешімді қараша айында өткен жыл сайынғы үкіметтік жиындарда мақұлданған Әмірліктердің Геномдық кеңесі қабылдады.

Генетикалық тестілеу арқылы шамамен 840 тұқым қуалайтын ауруды, оның ішінде 570-тен астам генетикалық мутацияны анықтауға болады. Бұл ауруларға кардиомиопатия, тұқым қуалайтын эпилепсия, жұлын бұлшықет атрофиясы, есту қабілетінің жоғалуы, муковисцидоз, сондай-ақ «емделуі қиын ауыр және созылмалы аурулар» жатады, деп хабарлайды WAM агенттігі.

Бұл тестілеу отбасын жоспарлау кезінде жұптардың денсаулығы туралы саналы шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.

Стратегияның негізгі мақсаты – ел тұрғындары арасында генетикалық ауруларды ерте анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін интеграцияланған ұлттық генетикалық мәліметтер базасын құру.

Денсаулық сақтау және профилактика министрлігі бұл шешім денсаулық сақтау саласындағы түбегейлі өзгерістерге, болашақ технологияларды қолдануға, тұрақты дамуды қамтамасыз етуге және өмір сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Бұл шаралар UAE Centennial Vision 2071 бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылмақ.

Фото: aimanyes.org