Телефонға сәлемдеме келгені туралы хабарлама түссе, оны растауға асықпаңыз. Алаяқтар "Қазпошта" атын пайдаланып, азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады, деп Malim.kz тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алаяқтық қарапайым хабарламадан басталады. Алдымен адамға хат немесе сәлемдеме жеткізілетіні туралы SMS келеді. Кейін WhatsApp арқылы хабарласқан бейтаныс адам өзін пошта қызметкері ретінде таныстырып, мекенжайды нақтылауды немесе жеткізуді растауды сұрайды.
Әңгіме барысында ол телефонға келген SMS-кодты айтуды өтінеді. Алайда бұл код сәлемдемені қабылдау үшін емес, белгілі бір қосымшаға немесе жеке кабинетке кіру үшін жіберілген болуы мүмкін. Агенттіктің ескертуінше, алаяқтар оны жеке деректерді алу немесе адамның атына онлайн кредит рәсімдеу мақсатында пайдаланады.
Сондықтан сәлемдеме күтіп жүрген болсаңыз да, хабарласқан адамға растау кодын бермеңіз. Жеткізу туралы ақпаратты хабарламадағы сілтеме арқылы емес, қызметтің ресми сайтына немесе мобильді қосымшасына өзіңіз кіріп тексерген дұрыс.
Бейтаныс адамға банк картасының деректерін, CVV-кодын және өзге де жеке мәліметтерді айтпаңыз. Күмәнді хабарламадағы сілтемені ашпаңыз. Алаяқтық белгілерін байқасаңыз, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.