Танымал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің қазасына байланысты әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол қайғылы оқиғаның әр отбасы үшін орны толмас қаза екенін айтып, адам өмірін жай ғана санмен өлшеуге болмайтынын жеткізді.
"14 баланың арманы елес болды, 14 шаңырақтың шамы сөнді, 14 отбасының жүрегіне мәңгілік сызат түсті", – деп жазды Ақмоншақ Нұртаза.
Оның сөзінше, әрбір қаза тапқан адамның артында баласын күткен ана, үміт артқан әке, сүйген жары мен жақынын күткен отбасы қалады.
Мектеп директоры осындай ауыр жағдайлар адамға өмірдегі ең маңызды құндылықтарды қайта ой елегінен өткізуге мәжбүр ететінін атап өтті. Ол адамның амандығы мен денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ екенін айтып, жақын адамдардың қадірін дер кезінде түсінуге шақырды.
"Бүгін қасыңыздағы адамға бір сәт қарап, "Аман болшы…" деп айтыңыз. Кейде адамға одан артық тілек те керек емес", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза жол апатына түскенін жазған еді.
Каспийдегі қайғылы оқиға қалай болды?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды.
Ресми мәлімет бойынша, әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқан кезде ауа райы кенеттен бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметші теңізге түсіп кеткен. Олардың үшеуін құтқарушылар аман алып қалды.
Алғашқы деректерде 12 әскери қызметшінің қаза тапқаны, тағы екі адамның іздестіріліп жатқаны хабарланған еді. Іздеу-құтқару жұмыстары түні бойы тоқтаусыз жалғасты.
25 қыркүйекте шамамен сағат 09:15-те із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осыдан кейін қаза тапқандардың жалпы саны 14 адамға жетті. Іздеу операциясы аяқталды.
Қайғылы оқиғаның нақты себептері мен оған алып келген жағдайларды анықтау үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияның алғашқы отырысы 24 қыркүйекте сағат 22:30-да өтті.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша жүргізіліп жатыр.
Құзырлы органдар тергеу аясында оқу-жаттығудың ұйымдастырылуынан бастап қауіпсіздік талаптарының сақталуына дейінгі барлық мән-жайды анықтауы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Президенттің өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.