Продюсер Баян Алагөзова ұйымдастырған "Алтын ханым" байқауының жеңімпазы, мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза жол апатына түсті, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында өзі хабарлады. Ақмоншақ Нұртазаның айтуынша, оның көлігі басқа автокөлікпен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан мектеп директоры жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Ол оқырмандарына жағдайын қысқаша айтып, аман қалғанына шүкіршілік білдірді.
"Қайта туған күн. Аман болайық. Бір Алла сақтады. Маған түкіріп қоясыздар-ау", – деп жазды Ақмоншақ Нұртаза.
Айта кетейік, бұған дейін астаналық мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза "Алтын ханым – 2026" титулын жеңіп алған еді. Ол байқаудан ұтқан 3 млн теңге қаржыны әйелдерді қолдауға арналған әлеуметтік жобаға жұмсайтынын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желі арқылы танылған мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызына ерекше сый табысталған еді. Сондай-ақ ол денсаулығына байланысты ауруханаға түскенін мәлімдеген болатын.
Ақмоншақ Нұртаза "Алтын ханым – 2026" байқауының жеңімпазы атанған еді
Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры, әлеуметтік желіде белсенді ұстаз ретінде танылған Ақмоншақ Нұртаза продюсер Баян Алагөзованың авторлық жобасында бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Республика сарайында өткен салтанатты шарада ол көрермендердің ең көп дауысын жинап, "Алтын ханым – 2026" байқауының бас тәжін иеленді. Жеңімпазға арнайы титулмен қатар 3 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды.
Аталған байқауға Қазақстанның әр өңірінен келген 21 үміткер қатысқан. Қатысушылар бірнеше ай бойы түрлі кезеңдерден өтіп, іскерлік, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін таныстырды. Финал қорытындысында Ақмоншақ Нұртазаның дайындығы, белсенділігі және көпшіліктің қолдауы оның жеңіске жетуіне ықпал етті.
Продюсер Баян Алагөзова жеңімпазды марапаттау кезінде Ақмоншақ Нұртазаның жоба барысында ерекше табандылық пен еңбекқорлық көрсеткенін атап өтті.
Ал Ақмоншақ Нұртаза өзіне берілген 3 миллион теңге сыйақыны жеке қажетіне емес, қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларға жұмсайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаржы нәзік жандыларды қолдауға арналған маңызды жобалардың бастамасы болуы керек.
Жеңімпаз қуанышын әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісіп, өзіне дауыс беріп, қолдау көрсеткен көпшілікке алғыс білдірді.