freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қазақстанда депозит мөлшерлемелері төмендеп жатыр

Экономика •
Қазақстанда депозит мөлшерлемелері төмендеп жатыр
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда теңгемен ашылатын депозиттердің кірістілігі төмендеп келеді. Нарықта жылдық мөлшерлемесі 20 пайыздан асатын ұсыныс қалмады. Қазір ең жоғары көрсеткіш 19,6 пайызды құрайды. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының 2026 жылғы 30 қыркүйектегі мониторингіне сүйеніп, деп хабарлайды Malim.kz. 

Ең жоғары мөлшерлеме үш айға ашылатын, қосымша ақша салуға болатын жинақ салымына ұсынылған. Бірнеше банк осы санаттағы депозиттерге жылдық 19 пайыздан жоғары мөлшерлеме белгілеген.

Ал толықтыруға болмайтын жинақ салымдарының ең жоғары мөлшерлемесі – 19,51 пайыз. Тамызда банктердің бірі мұндай депозитке 20,5 пайыз ұсынған еді. Қыркүйекте көрсеткіш бір пайыздық тармаққа жуық төмендеді. Соның нәтижесінде толықтыруға болатын жинақ салымы кірістілігі жағынан алға шықты.

Мерзімді салымдардың ішінде қосымша ақша салуға болатын депозиттердің ең жоғары мөлшерлемесі 19 пайызға жетеді. Толықтыруға болмайтын мерзімді депозиттерде бұл көрсеткіш 18,01 пайызды құрайды. Мерзімсіз салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлеме – 16,08 пайыз, ал мөлшерлемесі өзгермелі депозиттерде – 16,01 пайыз. Банктер ең жоғары кірістілікті негізінен үш-алты айға ашылатын салымдарға ұсынып отыр.

Депозит мөлшерлемелерінің төмендеуіне базалық мөлшерлеменің өзгеруі әсер етті. 4 қыркүйекте Ұлттық банк оны 16,75 пайыздан 16,25 пайызға түсірді. Бұл – маусымнан бергі үшінші рет қатарынан төмендету. Осыған байланысты қыркүйекте алты банк депозит шарттарын қайта қараған. Олардың басым бөлігі бірнеше салым түрінің мөлшерлемесін өзгерткен.

Жинақ салымдары әлі де ең жоғары кіріс әкелетін депозит түрі болып отыр. Бірақ олардың ақшаны мерзімінен бұрын алуға қатысты шектеулері бар. Мұндай депозиттен қаражаттың бір бөлігін шешіп алу мүмкін емес. Ақша қажет болған жағдайда салымды толық жабуға тура келеді. Бұл кезде сыйақыдан айырылып, қаражатты қайтару үшін 30 күн күту қажет.

Қор депозит таңдағанда тек жоғары пайызға назар аудармай, оны толықтыру және ақшаны алу шарттарын да мұқият оқуға кеңес береді. Банктің қаржылық тұрақтылығы мен салымға берілетін кепілдік мөлшерін де ескерген жөн.

Теңгедегі жинақ салымдарына 20 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі. Өзге теңгелік депозиттерге, шоттар мен карталардағы қаражатқа кепілдік шегі – 10 млн теңге. Шетел валютасындағы салымдар бойынша бұл сома 5 млн теңгені құрайды.

ҚДКБҚ мониторингте банк атауларын көрсетпейді, өйткені шолу жекелеген депозиттерді жарнамалауға емес, нарықтағы жағдайды таныстыруға арналған. Мәліметтер банк сайттарынан жиналғандықтан, салым ашар алдында қолданыстағы мөлшерлеме мен шарттарды банктің өзінен нақтылау қажет.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу