Ауыз сумен қамту қарқынды жүріп жатыр
Шығыс Қазақстанда 2021 жылда бері тұрғындардың 97%-ы сумен қамтылды
Өңірлерді дамыту – ел Үкіметінің басты басым бағыттарының бірі саналады. Өйткені өңірлер мықты болса, мемлекет те қуатты болмақ.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстанда ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген болатын.
Айта кетсек, бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіреді. Бұл олардың іске асырылуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Өйткені ұлттық жоба аясындағы бағдарламалар бюджеттік қаржыландыруда басымдыққа ие. Жоба іске қосылған кезден бастап еліміздің барлық өңірі оның аясында атқарылған шаралардың игілігін көре бастады.
Өңірді дамытып, оны қуатты ету үшін халықты маңызды қажеттіліктерімен бірінші кезекте қамтамасыз ету керек. Сондықтан да «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай халықты 100 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған.
Өңірлерді дамыту үшін республикалық бюджеттен келесі жылға 7,4 трлн теңге бөлінбек. Бұл туралы Үкімет отырысы кезінде қаржы министрі Мәди Тәкиев айтқан еді. Оның дерегінше, осы қаржы есебінен халықты сумен қамтамасыз ету қалаларда 99,6 пайызға дейін, ауылдық жерлерде 98 пайызға дейін өседі.
Ел аумағында ауызсумен қамтуға бағытталған жобалар біртіндеп жүзеге асып жатыр. Солардың ішінде бірнеше аймақтағы биыл атқарылған жұмысты шолып өттік.
Шығыс Қазақстанда 2021 жылда бері тұрғындардың 97%-ы сумен қамтылды (722,7 мың адамның 682,2 мың адамы). Ауыртпалық негізінен ауыл тұрғындарына түсті. Себебі облыстағы 356 елдімекеннің 274-і немесе 77 пайызы ғана сумен қамтамасыз етілді: 205 ауылға су құбыры тартылды, 69-ына блокты-модульдік су тазарту станциялары орнатылды. Үш жылдың ішінде 68 ауыл сумен қамтамасыз етілді.
Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан халқының 99 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Бұл облыстағы 727,1 мың тұрғынның 719,6 мың адамы. Қалаларда халық таза ауыз сумен 99,9%, ауылдарда 97,2% қамтамасыз етілген. Десек те, 19 елді мекендегі 7500 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оның 587-сі қала тұрғындары, ал 6913 адам сумен қамтамасыз етілмеген 14 ауыл және су құбыры желілерін қайта жаңғыртуды қажет ететін үш елді мекенде тұрады.
2024-2025 жылдары халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін облыста жалпы сомасы 17 468,9 млн теңгеге 16 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде үш жоба Өскемен мен Шемонаихада, 13 жоба ауылдық жерлерде жүзеге асырылады.
Биыл 8 жобаны аяқтау жоспарланған. Тағы 8 жоба келесі жылы аяқталады. Ауылды жерлерде іске асырылып жатқан үш жоба облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қосымша қаржыландыруды қажет етіп отыр. Атап айтқанда, Глубокое ауданының Малубинка ауылы, Алтай ауданындағы Малеевск ауылы және Шемонаиха ауданының Убинка ауылы.
Биыл жыл соңына дейін облыс тұрғындарының 99,4 пайызы сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізбек.
Ал Ұлытау облысында ауызсу сапасын жақсартуға бағытталған 18 жоба аяқталады.
– Бұл – облыс құрылған уақыттағы халықтың алғашқы тілегі, сонымен қатар, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Осы мақсатта бұрын қолға алынғаны және жаңадан іске қосылғаны бар, бас аяғы 18 жобаны біз биыл аяқтауды алдымызға міндет еттік. Бұл бағытта қаражатты да қажыр-қайратты да аяп жатқан жоқпыз. Ол үшін әртүрлі бюджет көздерінен 15 миллиардқа жуық қаражат бөлінді, - деген болатын облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
Биыл аяқталу сатысында тұрған 18 жобаның жалпы ұзындығы 338 шақырымды құрайды.
Абай облысында халықты ауыз сумен қамту бағытында бағытта 33 жоба бар. Олар 15 780 адамды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта облыс бойынша таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 92,8% құрайды, ал Семей қаласында бұл 91,5%-ға тең. Айта кетейік, Семейде сумен жабдықтау бойынша Восход, Водный, Қызыл Кордон, зағиптар қоғамы, Березовский, Бобровка, Лодочный аудандары, Аягөз, Аэропорт, Алматы көшелері, сондай-ақ Смычкадан Восходқа дейінгі аумақты қамтитын 9 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобаларға 1,4 млрд теңге бөлінді. Жұмыстарды аяқтау осы жылға жоспарланған.