"Автостоппен саяхаттау түк қорқынышты емес"
Пандемиядан кейін есігін туристерге есігін тарс жапқан елдер біртіндеп шекарасын аша бастады. Грузия Қазақстан, Ресей, Украина, Әзірбайжан мен Беларусьтан ұшақпен келетін туристерді кіргізе бастады. Дегенмен шетелге кіру үшін тапсыратын ПТР тест әлегі, кей елдерде (мысалы, Таиланд) туристерді екі апта бойы оқшаулау тәрізді себептердің кесірінен жұрт бәрібір пандемияға дейінгі кезеңдегідей жаппай саяхаттамайтыны анық.
Алматыдағы мектептердің бірінде ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істейтін 33 жастағы Әлия Хасенеева әлем елдеріне саяхаттағанды жақсы көреді. Ол пандемия басталмай тұрып Грузияға автостоппен саяхаттап үлгерді. Ұлыбританияда Дарем университетінде докторантура оқып жүргенде Әлия көп ақша құртпай-ақ Еуропа елдерін аралап шыққан. Қазақстанға қайтып келіп, Ақтау мектептерінің бірінде ағылшын тілінің мұғалімі болып істеп жүргенде Әлия Грузия астанасы Тбилисиге автостоппен, яғни жолай кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатып тегін саяхаттады. Әлия Хасенеева malim.kz-ке Ақтаудан Тбилисиге автостоппен қалай саяхаттағанын және жолда көрген қызықтарын баяндап берді.
Неліктен автостопты таңдадым?
2019 жылдың шілдесінде Грузия астанасы Тбилисиде CELTA (Certificate in Teaching English to Speakers of Other Languages – Ағылшын тілін оқытатын мұғалімдерге арналған Кэмбридж сертификаты) курсын бір ай оқитын болдым. Бұл курс ақылы болғандықтан, Тбилисиге неге автостоппен бармасқа деген ой келді. Оның үстіне маған басқа елге ұшақпен емес, көлік ұстап, "өз аяғыңмен" жету қызық болып көрінді.
Instagram-да үнемі автостоппен саяхаттайтын екі қазақстандықтың жазбаларын оқып жүретімін. Шынын айтқанда, олардың жазбалары мені Тблилисиге автостоппен жетуге қатты ынталандырды. Неге солар сияқты автостоппен жүріп көрмеймін деп ойладым. Жалғыз өзіме жүру қорқынышты болған соң, сіңлімді ертіп алдым.
Ақтаудан – Ресейге дейін
Екі адамдық палатка, жол жүруге аналған рюкзакты сатып алдым. Жаз болғандықтан, саяхатқа жеңіл киімдер, бас киім, бір көйлек және күн сәулесінен қорғайтын крем алдым. Керек-жарақтың бәрін рюкзакқа салып алып, Ақтаудан жолға шықтық. Әуелі Ақтаудан Атырауға пойызбен жеттік. Атырауда жарты күн жүрдік. Сосын теміржол вокзалына қайта оралып, Астраханьға пойызбен тартып кеттік. Астраханьға жеткен соң, автовокзалдан автобусқа билет алып, Красные Баррикады ауылына бет алдық. Билет адам басына 50 рубльден түсті.
Сөйтіп, Красные Баррикады ауылына жеткен соң, тас жолда көлік ұстауға тура келді. Автостоп осылай басталды.
Ең үлкен қорқыныш
Картадан бізге қандай жол керегін қарадым да, сол жолға шығып, қол көтеріп, көліктерді тоқтата бастадық. Біз қай қалаға бара жатқанымыз жазылған тақтайша немесе қағаз ұстап тұрмадық. Өйткені жолға шығардан бұрын картаны мұқият зерттеп алдым. Жол-жөнекей қандай елдімекендер, ауылдар барын жатқа білетінмін. Сондықтан бізге көлік тоқтағанда, "қай жаққа бара жатырсыз?" деп сұрайтынмын. Егер жүргізуші бара жатқан қала не ауыл жолымызда болса, онда "бізді де сол жаққа жеткізіп салыңызшы" дейтінбіз. Әрине, алғаш рет көлікті тоқтатып, "бізді жеткізіп салыңызшы" дегенде қатты ыңғайсыздандық. Жолдағы ең қорқынышты нәрсе осы болған шығар. Өйткені басында адамдар бізге тоқтай ма, тоқтамай ма, тоқтаған күннің өзінде не ойлайды деп қатты қобалжыдық. Бірақ жүргізушілердің бәрі түсіністікпен қарады, көлікті екінші мәрте тоқтатқанда бұл қорқыныш сейіліп, артта қалды.
"Автостоппен Шешенстанға жетіп алдық"
Красные баррикады ауылының тас жолында сіңлім екеуміз алма-кезек қол көтеріп, көліктерді тоқтата бастадық. Бір көлік тоқтады, көліктегі әйел мен оның күйеуі бізді шамамен 20 шақырым жердегі Икрянка ауылына жеткізіп салды.
Жалпы, жолымызда тек жақсы адамдар кездесті. Ешкім бізге тиіскен жоқ, дөрекі мінез көрсетпеді. Жүргізушілердің бәрі бізге көмектесіп жүрді. Әрине, барлығы "автостоппен жүруге қорықпайсыңдар ма?" деп сұрап таңғалып жатты.
Икрянкада 5-7 минут да тұрғанымыз жоқ. Бір ер адам тоқтап, бізді 80 шақырым жерге жеткізіп салды. Өте әдемі, табиғаты тамаша жердегі аялдамаға тастап кетті. Тамаша жерде суретке түсіп алайық дей бергеніміз сол еді, келесі машина өзі тоқтады. Көліктегі Паша мен Зухра бізді 200 шақырым жердегі ГАИ постына дейін жеткізіп, сол жерде бізге КамАЗ ұстап беріп, салып жіберді. Әлгі КамАЗ-бен 220 шақырым жердегі Дағыстанның Хасавюрт елдімекеніне жетіп алдық. Дағыстанда құмық тілінде сөйлейді, ол қазақ тіліне қатты ұқсайды. КамАЗ-дан түсе бергеніміз сол еді, сол мезетте жолай өтіп бара жатқан дағыстандық жігіттер тоқтай қалып, 30 шақырым жердегі Шешенстан шекарасына дейін жеткізіп салды. Сонымен, шекарадан өткенше кешкі жеті болды, оларда кешкі жетіде қараңғы түсіп, күн батады екен.
Біз 150 шақырым жердегі Владикавказға автостоппен жетіп, сонда каучсерфинг үйлерінің біріне (CouchSurfing – саяхаттаушыларды үйіне тегін қондыратын, көмек беретін немесе бірігіп саяхаттауды ұйымдастыратын онлайн сервис) қонып, ертесі Грузия шекарасына жетеміз деп жоспарладық. Сөйтіп, көліктерді тоқтата бастадық. Көп ұзамай бір жеңіл көлік тоқтады. Іште екі көңілді шешен жігіт отыр. Олар бізді бір ауылға жеткізіп салмақ болды. Не істеп жүргенімізді сұрап-білген соң, жолай мемлекеті, президенті және халқы туралы емен-жарқын әңгіме айтты. Шешенстан біз ойлағаннан мүлде бөлек мемлекет екен. Тап-таза, ішімдікке және жемқорлыққа тыйым салынған, қадам басқан сайын тәртіпті қадағалап жүрген патрульдер өріп жүр.
Грозныйды аралап жүрген Әлия Хасенеева
Шешендер қонақтарды қатты қадірлейді, сыйлайды. Шешен жігіттер бізге Шешенстан астанасы – Грозныйды көрсетеміз деді. Грозныйға апарып, қаланы көрсетіп аралатқан соң, "ауылға апарып қонақ қыламыз" деді. Сөйтсек, шешендер қазақтар баяғыда қазақтар өздеріне көмектесіп, аталары Қазақстаннан пана тапқанын ұмытпапты. Жаңа танысқан шешендердің бір достарының үйі бос екен, әлгі жігіттер бізді күтіп, тамақтандырған соң, сол үйге қондырды. Сіңлім екеуміз сол үйде түнге қалдық. Әлгі жігіттер таңертең сол үйге қайтып келіп, таңғы асымызды беріп, үлкен жолға апарып тастады.
"Жүк көлігімен Ереваннан бір-ақ шықтық"
Бірден жолымыз болып, тура Владикавказға дейін бара жатқан көлік тоқтай кетті. Бірнеше сағаттан кейін Владикавказдың шетіне жетіп алдық. Сол жерле тағы да көлік тоқтата бастадық. Бір кезде Газель тоқтап, біз қаланың мүлде басқа жағында тұрғанымызды, ол жерден Грузияға жету екіталай екенін айтып, қаланың ішіне кіргізіп, аялдамада тастап кетті. Сол аялдамада автобусқа отырып, қаланың шетіне жетіп алдық. Біз көлік тоқтатпақ болған жолдың жиегінде жанармай құятын бекет тұрған. Сол жерде үлкен фураның жүргізушісі бізді байқап қалып, Грузияға дейін жеткізіп салуды ұсынды. Қуана келістік. Бірақ шекараға жеткенде оның көлігі сынып қалды. Көп кідірмей, бақылау-өткізу пуктіне дейін көлік ұстадық. Бақылау пунктіндегі шекарашылармен әңгімелесіп, шекарадан өткен соң, ұзын-сонар кезекте тұрған бірінші фураға бардық. Фураның жүргізушісі армян екен, өте мейірімді, кең адам олып шықты. Ол бізді Тбилисиге апарып тастауға келісті. Фураның ішінде плитка мен кофе пісіретін турка, тоңазатқыш, тіпті төсектер бар екен. Жүргізуші сіңлім екеумізге сол мезетте кофе жасап берді.
Осы жерде Осетиядан Грузияға апаратын жолдағы тұмса табиғатты суреттеуге сөз жетпейді. Бірде ормандар, енді бірде таулар, өзен ағып жатқан жар, жартастар, таудағы бұралаң әрі қауіпті жолдар көз алдымыздағы сурет ұқсап алма-кезек ауысып жатты. Есептесек, Тблисиге түнгі үште жетеді екенбіз. Ал үлкен жүк көліктері Тбилисиге кіре алмайды. Оқуым дүйсенбі бір-ақ басталатын, ал біз Грузияға сәрсенбі күні жетіп алыппыз. Жүк көлігінің жүргізушісі Армения астанасы Ереванға бара жатты. Ойлана келе дүйсенбіге дейін әлі уақыт бар болғандықтан, біз де Тбилисиге кірмей, Ереванға барамыз деп шештік. Таңғы төртте Армения-Грузия шекарасына жетіп, шекарадан бір демде өттік. Бірақ фурадағы жүкті рәсімдеу таңғы 11-ге дейін созылды. Жүк көлігінде екі төсек бар екен, жүргізуші біреуіне, сіңлім екеуміз екіншісіне жатып, бір мызғып алдық.
Ереваннан Тбилисиге
Күндізгі он бірде жүк рәсімделіп біткен соң Ереванға тарттық. Жүк көлігі бізді тура Еревандағы хостельге дейін апарып тастады. Хостельден екі адамдық шап-шағын бөлмені небәрі 3 долларға жалдадық. 1,5*2 метр бөлмеде екі төсек пен қабырғада бірнеше сөре ғана болды. Хостель орталыққа тиіп тұр екен, Ереванды жаяу жүріп араладық. Ән салатын фонтандар, жайқалып тұрған жеміс ағаштары мен өрік пен жидектердің хош аңқыған иісі, ұлттық асханадағы кебаб пен армян шарабы, осының бәрі Ереванды өзге қалалардан өзгешелейді. Ереванда екі күн қыдырып, сенбі күні такси шақырып, Грузияға апаратын тас жолға дейін жетіп алдық.
Ереванда
Асылы, Ереван мен Тбилиси арасы 300 шақырым. Тас жолда көлік тоқтата бастадық. Лексус мінген армяндар тоқтап, бізді Ванадзор қаласына дейін апарды. Жолай кофе мен өріктер беріп, Армения тарихын айтып берді. Ванадзорға жеткен соң көңілді армяндармен қош айтысып, ары қарай көлік ұстадық. Бізге тоқтаған армяндар бұл жерден көлік көп өтпейтінін айтып, көлік көп жүретін жерге дейін жеткізіп салуды ұсынды. Ұсынысты қабыл алып, көлікке отырып, танысқан соң, армяндар "дұрыстап шашлық та жемедіңдер ғой, сендерді қонақ қыламыз" деп Ереванға апарып, тамақтандырды. Кейін Варнадзорға әкеліп, сіңлім екеумізге қонақ үй жалдап берді. Ертесі қонақ үйден алып кетіп, тас жолға апарып, Грузияға жүретін көлік ұстап беріп, салып жіберді. Екі көлік алмастырып, шекараға жетіп, бақылау-өткізу пунктінен өтіп, ақыры Грузияға жеттік.
Шекара жақтан Тблилисиге жету қиын болатын шығар, бәлкім, бір жерде палатка құрып, түнеген дұрыс болар деп ойлай бергенім сол еді, жеңіл көлік тоқтады. Сол көлікпен тіке Тбилисиге дейін жетіп алдық. Жүргізуші бізді Тбилисиде тастап кетсе де, бұл қаланың орталығы емес, сырт жақтағы жол еді. Жан-жаққа қарасақ, өзен жанында балық аулақ тұрған ата тұр екен. Ол кісіден қалаға қалай жетеміз деп сұрап едім, ата бізді мекенжайымызға дейін апарып тастаймын деді. Сөйтіп, кешкі алтыда Тбилисидегі пәтерге жетіп алдық.
Жолға кеткен шығын
Ақтаудан Тблисиге дейін бас-аяғы алты жарым күнде жеттік. Тбилисиге жету үшін екі пойыз, екі автобус, бір такси және 18 жеңіл машина алмастырдық. Бар-жоғы 23 500 теңге жұмсадым. Ақтау-Атырау пойызына 1500 теңге, ал Атырау-Астрахань пойызына 9500 теңгеге билет алдым. Ресейде автобус пен тамаққа 500 рубль, Арменияда 25 доллар жұмсадық.
"Ата-анам қатты уайымдады"
Қанша дегенмен екі қыз болып жол жүрген соң басында қорықтық. Бағымызға қарай бізге ешкім ешқандай жамандық жасаған жоқ. Тіпті адамдардың доспейіл, кең болғаны соншалық, бізге біреу жамандық жасайды-ау деген сезім де болмады. Жолымыздың соншалықты қауіпсіз болғаны біз үшін күтпеген дүние болды.
Мцхетада
Ата-анам, туған-туыстарым Тбилисиге автостоппен барамын дегенді естігенде, бұл ойымнан айнытып, автостоппен жүрмеуге көндіруге тырысты. Бір жағы біз жол жүргелі жатқанда Ресей мен грузия арасында кезекті жанжал болып, Тбилисиде Ресейге қарсы шерулер болып жатқан (2019 жылы маусымда Ресей думасының депутаты Сергей Гаврилов Тбилисиге келіп, Грузия парламенті спикерінің орындығына отырған. Осыдан соң Грузияда наразылық басталған. 8 шілдеде Ресей билігі Грузияға ұшатын ұшақтарды тоқтатқан). Ата-анам "сендер орыстілдісіңдер, сендерге бәрі жаман қарайтын болады, орысша түсінсе де сендерге жауап бермейді" деп қатты уайымдады. Бірақ ондай нәрсе мүлде болған жоқ. Көшеде бүлінген, қираған дүние көрмедік. Орысша сөйлесек, грузиндер орыс тілінде жауап беруге тырысты. Грузияда тек жастар ғана ағылшын тілін біледі. Аға буын түсінбей жатса, ыммен түсіндіріп жатты.
"Енді автостоппен Италияға барсам деймін"
Биыл автостоппен Италияға барғым келген. Қазақстаннан Ресейге, одан Грузияға, Грузиядан Түркияға өтіп, Түркиядан Еуропаға жетіп алсам деген жоспарым болған. Бірақ пандемияның кесірінен биыл бұл жоспар іске аспайтын сияқты. Бірақ үмітімді үзбеймін, пандемия аяқталған соң Италияға барамын деп сенемін. Италияға жету үшін он күн, тіпті екі апта кететін шығар. бірақ мәселе жолға кететін уақытта емес. Мен үшін жолдың өзі, тұмса табиғат, жолымызда кездесетін адамдар мен елдерді көрген қызық.