Байден әлемді қалай өзгертеді? Трамп не бүлдірді?

Елнұр Бақытқызы

  • 09.11.2020

Джо Байденнің АҚШ президенттігіне келуі ол елдің сыртқы саясатын қалай өзгертеді? Қытайды қатты тежеген Трамп биліктен кеткен соң, АҚШ-тың Қытайға қатысты саясаты жұмсара ма? АҚШ Ресейге қатаң санкциялар салуы мүмкін бе? Джо Байденнің билікке келуі Қазақстанға қалай әсер етеді? Осы сұрақтарды саясаттанушы Асқар Нұршаға қойып көрдік.

– Асқар мырза, Джо Байденнің АҚШ президенттігіне келуі бұл елдің сыртқы саясатын қалай өзгертеді?

– АҚШ-тың әлемдік деңгейдегі сыртқы саясаты өзгеретіні түсінікті. Өйткені демократтар мен республикашылдар сыртқы саясатта әртүрлі бағыт ұстанады. Трамп билікке келгенде Обама әкімшілігінің сыртқы саясатта қол жеткізген жетістіктерінен бас тартты. Мысалы, ол Иран ядролық келісімі, ғаламдық жылынуға қатысты Париж келісімінен шықты. Сондай-ақ ол ТрансТынықмұхит  серіктестігінен бас тартты.

Трамп президент қызметін атқарған төрт жыл бойы Обаманың президенттігі сәтсіз болды деген мәлімдемелер жасаумен жүрді. Бұл мәлімдеме Обаманың тұсында вице-президент қызметін атқарған Байденге де қарата айтылғаны белгілі. Енді Байден әкімшілігі Трамптан мұраға қалған сыртқы саясатты өзгертеді.

[caption id="attachment_9304" align="alignleft" width="800"] almau.edu.kz[/caption]

– Байденнің АҚШ басшылылығына келуі Қазақстанға қалай әсер етеді?

– Бұл үш бағытқа байланысты. Біріншісі –  Ауғанстан. АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты 20 жыл бойы бұл елдің Ауғанстанда жүрген әскерімен байланысты болды. Ал Трамп тәліптермен келісімге келді. Байден әкімшілігі бұл бағытты жалғастыра ма, АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерін азайта ма, Орталық Азия мен АҚШ серіктестігі осыған байланысты болмақ.

Екіншіден, АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты АҚШ – Ресей және АҚШ – Қытай қарым-қатынасына да байланысты болмақ. Трамп Байденді Қытаймен ерекше байланысы бар десе, Байден Трампты "Путинмен кездескенде АҚШ мүддесін сатты" деп айыптаған. Трамп Ресейге қатысты жұмсақ саясат ұстанғандықтан, демократтар оны төрт жыл бойы сынады. Сөйтіп, Ресейдің АҚШ сайлауына араласуын жалпыұлттық деңгейдегі мәселеге айналдырды.

Егер демократтар осы бағытты жалғастырса, онда Байден Ресейге қатысты қатаң саясат ұстануы мүмкін. Трамп көбіне Қытайды сынға алса, сарапшылар демократтар ендігі жерде Ресейді басты сын объектісі етеді деп болжайды. Яғни Байден антиресейлік риторикаға басымдық береді. Бірақ оппозицияда жүрген кезде сынау бір бөлек те,  билікке келгенде оны іске асыру мүлде басқа нәрсе.

Жалпы, Трамптың президенттігі қайшылыққа толы болды. Демократтар Трамп елдің ішін жік-жікке бөліп жіберді деп айыптап, оның миграциялық саясатын сынады. Трамп қарсыластарын аямай, оларға келемеждейтін лақап аттар қойды. Бірақ кім не десе де Трамп сыртқы саясатта біраз жетістікке жетті. Ол қысқа мерзімде басқа басшылар қол жеткізе алмаған дүниелерді жасады. Мысалы, тәліптермен келісімге келді. АҚШ қолдауының арқасында Израиль араб елдерімен келісімдер жасасты. Басқа басшылар ондаған жылдар бойы осы келісімге жете алмаған еді. Үшіншіден, Трампқа қанша сын айтылса да, ол Ресей мен Қытайды жеңе алды. Асылы, Трамп келіссөздер жүргізуге өте ыңғайсыз адам. Тіпті Батыс елдері үшін келіссөз жүргізуге ыңғайсыз адам еді. Сондықтан Трамптың кететініне Батыс елдері де қуанып жатқан шығар.

Трамппен салыстырғанда Обама әлемдік бейбітшілікке сіңірген еңбегі үшін Нобель сыйлығын алды. Бірақ елдің ішінде Обаманы Ресей мен Қытайды тежей алмағаны үшін сынағандар көп болды. Ресей Қырымды Обаманың билігі кезінде аннексиялап алса, Қытай оның билігі кезінде  күшейіп, әлемдік экономикада жаңа позицияға шығып кетті.

Ал Трамп төрт жыл ішінде Ресейдің халықаралық ықпалының өсуін тоқтата алды. Ресей Сирия, Латын Америкасы мен Орталық Азияда ықпалын өсіріп келе жатқан. Трамп небәрі төрт жыл ішінде ғана аймақтық және халықаралық саясатты Ресейге аса қолайсыз болатындай өзгертті. Бұл жердегі мәселе Байден мен оның әкімшілігі осы жағдайды пайдаланып, АҚШ жетістіктерін ілгерілете ала ма, жоқ па дегенге келіп тіреледі.

– АҚШ-тың Қазақстандағы саясатына қайтып оралсақ, Байден әкімшілігі Орталық Азиямен қарым-қатынасын дамытуға мүдделі ме?

– Обама әкімшілігі билікке келген соң АҚШ Қазақстанды адам құқықтары үшін сынауды айтарлықтай азайтты. Соңғы 10-12 жылда АҚШ Орталық Азия аймағанынан көп көңіл бөлмей, кетіп қалғандай әсер қалдырды. Екіншіден, АҚШ-ты Қазақстанның энергетикалық саласындағы мүддесі көбірек қызықтырды. АҚШ бұған дейін мұнай-газ саласында жасалып қойылған келісімшарттардың өзгермеуіне мүдделі болды.

Байден президенттікке қаңтардың 20-сында келгеннен соң бірнеше ай бойы әкімшілігін жасақтау мен оны нығайтуға көп көңіл бөледі. Сондықтан бірнеше айда жаңа президенттің сыртқы саясаты қалай өзгеретінін айтарлықтай байқалмауы мүмкін. Меніңше, Байден әкімшілігі С5+1, яғни Орталық Азиядағы бес ел мен АҚШ форматын дамытады. Өйткені Трамптан айырмасы демократтар ғаламдық интервенционализм, яғни халықаралық істерге араласуды құп көреді. Ал Трамп изоляционизм, яғни сыртқы саясаттағы белсенділікті азайтып, ішкі саясатқа көбірек мән берді. Ол экономикаға мойын бұрып, жұмыс орындарын құрды, араб елдері, Солтүстік-шығыс Азия мен НАФТА-мен ескі келісімшарттарды қайта қарап, АҚШ үшін оның шарттарын жақсарта алды. Асылы, коронавирус індеті болмаса, Трамп қайта сайланар еді. Өйткені коронавирус экономикаға теріс әсер етті.

– Трамп кезінде Ресейге қарсы "тозақ санкциялары" қабылданбай қалды. Байден әкімшілігі Ресейге қатаң санкциялар салуы мүмкін бе?

– Меніңше, Ресейге санкциялық қысым өсе бермек. Бірақ бұл жердегі мәселе санкцияның санына емес, сапасына келіп тіреледі. Ресейге қатысты көптеген санкция экономикаға әсер етпейді, өйткені бұл билік өкілдері, адам құқықтарын бұзатын жекелеген тұлғаларға салынған санкциялар. Алайда әскери-өнеркәсіптік және мұнай саласына соққы жасайтын санкциялар бар. Мәселен, бұрғылау қондырғысын Ресейге тасымалдауға шектеу қою ұзақмерзімде мұна саласына әсер етпек.

Байден сайлауалды мәлімдеме жасағандықтан, санкция енгізетіні түсінікті. Дегенмен бұл санкциялар қатаң, әлде жұмсақ болатынын уақыт көрсетеді. Меніңше, алдымен диалог орнатуға тырысады. Яғни Украина, басқа да мәселелер бойынша талап қойылуы мүмкін. Егер Ресей АҚШ талаптарына жауап бермесе, санкция салынуы мүмкін.

Меніңше, АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы жақын уақытта Беларусь, Таулы Қарабаққа қатысты мәселеде сыналады. АҚШ Беларустегі наразыларды қолдайтыны түсінікті. Ал Таулы Қарабақ жайлы келіссөзге АҚШ, Ресей, Түркия мен Франция қатысады.

Дегенмен Байден инаугурациясы қаңтарда болатынын ескерсек, Трамптың өкілетінің аяқталуына әлі екі ай бар. Ол осы екі айда көп нәрсені өзгертіп үлгеруі мүмкін.

– АҚШ соңғы жылдары Орталық Азияда Өзбекстанға көп көңіл бөліп жүр. Бұған бір жағы Каримов кезінде жабық болған мемлекеттің билігіне Шавхат Мирзияев келген соң жылымық орнап, шетелге ашық бола бастағаны бір себеп шығар.

– АҚШ Өзбекстанға Ислам Каримов кезінде де көп көңіл бөлді. Бұл Өзбекстанның Қазақстанмен салыстырғанда Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы немесе Еуразия интеграциясына кірмегенімен байланысты шығар. Яғни Өзбекстанның сыртқы саясатта Ресей алдында мндеттемесі аз. Екіншіден, Өзбекстан дәл Орталық Азияның орталығында орналасқан. Демек, онымен жақсы қарым-қатынас орната алсаң, география, экономика мен демографиялық тұрғыдан көбірек ықпал ете аласың.

Каримов билік еткен тұста қатаң саясат ұстанғандықтан, АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасы қарқынды дамыды. Ұзақ жыл бойы АҚШ аймақтағы басымдықты Қазақстанға берді. Ал қазір Өзбекстан ашық болуға тырысып жатқандықтан, АҚШ оны ашу процесін бастады. Сондықтан АҚШ аймақта жаңа мүмкіндіктер арқылы орнығуға тырысады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Байден Трампты Ақ үйде қабылдады

14.11.2024

Илон Маск АҚШ Үкіметінің жұмысына араласады

08.11.2024

Путин Трампты мақтап, диалог орнатуға дайынмын деді

08.11.2024

Трамп Ресей мен Қытайды тізгіндей ала ма?

07.11.2024

Камала Харрис жеңілгенін мойындап, Дональд Трампты құттықтады

07.11.2024

АҚШ-тағы сайлаудың алдын ала нәтижесі белгілі болды

06.11.2024
MalimBlocks
Байден Трампты Ақ үйде қабылдады

Олар демократиялықтан республикалық әкімшілікке біртіндеп көшуге уағдаласты

Илон Маск АҚШ Үкіметінің жұмысына араласады

"Бюрократияны шектеп, құрылыс салуға мүмкіндік беруіміз керек" деді ол.

Путин Трампты мақтап, диалог орнатуға дайынмын деді

«Ол, менің ойымша, ерлерге тән батылдық көрсетті, – деді Путин Сочидегі «Валдый» клубының отырысында. – Осы сәтті пайдаланып, оны АҚШ президенті болып сайлануымен құттықтағым келеді».

Трамп Ресей мен Қытайды тізгіндей ала ма?

Сайлау өткен соң Вашингтон мен Мәскеудің арасындағы қарым-қатынас өзгереді. Путин Американың ішкі ісіне нақты араласпаса да, оның тұрақсыздығын қалайтыны мәлім. Ол хаос пен үрейді ұнатады әрі соны «саудалағысы» келеді

Камала Харрис жеңілгенін мойындап, Дональд Трампты құттықтады

АҚШ-тағы сайлаудың алдын ала нәтижесі белгілі болды

Д.Трамп Алабама штаттарында көш бастап тұр