"Цой 10 миллион адамға вакцина салдыра алмайды"
Денcаулық сақтау министрлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерді вакцина салдыруға міндеттеп, вакцина салдырмаған қызметкерлер апта сайын ПТР тест тапсыруға мәжбүр болатынын мәлімдеді. Әзірге министрлік қызмет көрсету саласына нақты қандай субъектілер кіретінін ашып айтпады. Бірақ бір анығы, Ashyq жобасына кірген және алдағы уақытта онда тіркелетін кәсіпкерлік нысандарында істейтін барлық қызметкер вакцина салдыруы керек.
Денсаулық сақтау мнистрлігі вакцинациядан бас тартқан қызметкерлердің апта сайын тапсыратын ПТР тест ақысын мемлекет төлемейтінін бірден кесіп айтты. Цойдың айтуынша, оның ақысын не жұмыс беруші, не қызметкердің өзі төлеуі тиіс. Malim.kz өткен аптада брифинг берген Алексей Цойдан ПТР тест ақысын неге міндетті медициналық сақтандыру қоры төлемейтінін сұраған. Оған Алексей Цой вакцина егу мемлекет есебінен жүргізілетінін айтты. "Бұл жерде таңдау жасау керек. Ауырғыңыз келмесе, мемлекет тегін вакцина егу мүмкіндігін ұсынып отыр. Азаматтар одан бас тартса, ПТР тестке ақша төлеуі керек", - деді А.Цой.
Денсаулық сақтау министрлігі неліктен вакцина егуге мәжбүрлеп отыр? Күзге дейін 10 миллион адамға вакцина салынады деген Цой ол межеге жете ала ма? Осының бәрі ерікті вакцинация науқаны сәтсіздікке ұрынғанын көрсете ме? Осы сұрақтарды белсенді дәрігер, балалар невропатологы Қайырғали Көнеевке қойып көрдік.
– Қайырғали Смағұлұлы, қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге үкімет вакцина салуға, ал егер садырмаса, апта сайын коронавирусқа анықтайтын ПТР тест тапсыруға міндеттеп жатыр. Осы күнге дейін вакцина ерікті түрде жүргізіледі деген денсаулық сақтау министрлігі неліктен мұндай әрекетке барды?
– Цой күзге дейін 10 миллион адамға вакцина салынады дегенді төбеден алған жоқ деп ойлаймын. Яғни одан жоғарыда тұрғандар оған осылай дегізіп, жауапкершілікті алуға міндеттеді. Өйткені Қазақстанда Ресейден суспензия әкелініп, Қарағандыда өндірілетін "Спутник" вакцинасын салдыру бойынша белгілі бір міндеттеме бар. Сондықтан мақсат – өндірілген, сатып алынған вакцинаны салдыру.
– Бірақ халық өзі де бірте-бірте вакцинаны салдырып жатыр, осы күнге дейін 1,9 миллион адам вакцинаның екі компонентін салдырды. Егер мұндай міндеттеу шарасы болмаса, халық жаппай вакцина салдырмай ма?
– Жоқ. Қыркүйекке дейін 10 миллион адамға вакцина салынады деген межені қойды. Бірақ меніңше, ол көрсеткішке жете алмайды. Міндеттеу арқылы, бәлкім, тағы 2-3 миллион адамға салдырар. Оған қазір вакцина алған 2 миллион адамды қосыңыз. Қазақстанда 7,5 миллион бала бар. Оларға вакцина егілмейді. 60 жастан асқан 4 миллион адам бар. 18-60 жас шамасындағылардан 10 миллион шыға ма, шықпай ма... Оның ішінде аяғы ауыр, созылмалы аурулары бар науқастар, бала емізетіндер бар. Сондықтан 10 миллион деген межеге олар жете алмайды.
– Қызмет көрсету саласындағыларды вакцина салуға міндеттеу вакцинация жұмысының сәтсіздікке ұрынғанын, нәтижеге жете алмағанын көрсете ме?
– Иә. Қыркүйекке дейін 10 миллион адамға вакцина егіп үлгермейтінін білетіндіктен, осындай шараға барды. Бірақ вакцинация аурудың таралуын тежейтін жалғыз жол емес. Шекарада бақылау орнату, аурудың таралуын бақылау, дер кезінде індет ошақтарын анықтау, осының бәрі аурудың таралуын тежейді.
Ұжымдық иммунитетті вакцинация арқылы көтеру дұрыс. Бірақ алдымен қоғамдағы сол ұжымдық иммунитет қандай деңгейде екенін анықтау керек. Ол үшін белгілі бір іріктеме жасап, халықты іріктеп, оларда антидене бар-жоғын анықтау керек. Былтыр халықтың көбі ауырғандықтан, бізде ұжымдық иммунитет қалыптасты деп ойлаймын.
– Вакцина салдыруға мәжбүрлеудің заңдық негіздері бар ма?
– "Ұлт денсаулығы туралы" кодексте адам вакцинадан бас тартуға құқығы бары жазылған. Бізде қазір вакцинадан бас тартсаң, ПТР тест тапсыр деп жатыр. Бірақ ол да дұрыс емес. Вакцина салдырған адам неге ПТР тест тапсырмауы керек? Мәскеуде індет өршіп жатыр, ал онда халықтың 56 пайызы вакцина салдырған еді.
– Алекей Цой тегін вакцинадан бас тартқан қызмет көрсету саласында істейтіндер апта сайын ақылы ПТР тапсыруы керек деді. Оның ақысын мемлекет өтемейді. Сіздің ойыңызша, вакцина салдырғысы келмейтіндердің ПТР тест ақысын міндетті медициналық сақтандыру қоры өтеуі керек пе?
– Міндетті түрде өтеуі керек. Бұл адамның өзі қалап тапсырып жатқан нәрсе емес. Бұл эпидемологиялық жағдайға байланысты нәрсе, санитарлық дәрігердің адамнан талап етіп жатқан дүние. Еріккеннен тапсыратын нәрсе емес, Сондықтан оның ақысы міндетті медициналық қордан төленсін. Мен бұл мәселені көтеремін. Болмаса, қорды сотқа беруге болады.
– Қазіргі кезде әкімдіктер, ірі сауда орындары вакцина салдырып жатқандардың арасында пәтер, көлк сияқты бағалы сыйлықтарды ойнатып, маркетинг әдістерін пайдаланып жатыр. Бұл қаншалықты орынды?
– Мұндай маркетинг әдістері барып тұрған қорлау. Халыққа вакцинация жайлы ақпарат беріп, түсіндіріп, ағарту жұмыстарын атқару орнына, осындай әдістерді қолданып жатыр. Нәтижеде вакцинаға қарсы болғандардың одан бетер қарсылығы күшейді. Яғни осындай әдістер арқылы вакцинация идеясына сенімсіздік туғызды, беделін жойды. Бұдан гөрі "вакцина салсаң, осындай жағымсыз әсері болуы мүмкін. Ал салмасаң, ата-әжең ауырып қалып, аурудан ама қалмауы ықтимал" деп ағартушылық жұмыстарды жүргізу керек еді.
– Цой күзге дейін 10 миллион адамға вакцина салынады деген мақсатты орындай алмаса, отставкаға кете ме?
– Кетпейді. Біріншіден, вакцинация Цойдың емес, жергілікті атқарушы органдардың проблемасы. Цой үйлестіруші болғанымен, аймақтарда әкімдіктер жауапты. Екіншіден, қазір денсаулық сақтау жүйесі онсыз да құлдырауда, ахуалы ауыр. Денсаулық сақтау жүйесіне халық сенімі жоқ. Мұндай жағдайда денсаулық сақтау министрін ауыстыру дұрыс емес. Цой әйтеуір қолынан келгенше міндетін атқарып жатыр. Ал жаңа министр келсе, бұл ахуалға теріс әсер етеді. Оның үстіне жоғарыда айтқанымдай, Цойды 10 миллион адамға вакцина салынады дегенді айтуға мәжбүр етті,
Фото: Қайырғали Көнеевтің суреті Azattyq.org сайтынан алынды