Депутат Алматы облысы әкімінің отставкасын талап етті

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Баганашылдағы балалар үйі төңірегіндегі даудан кейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің отставкасын талап етіп, Президентке үндеу жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
«Баганашыл балалар үйі маңындағы бассыздық пен қоғам алдында берген уәдесін орындамағаны үшін Президент Тоқаевтан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қызметінен босатуды сұраймын», – деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Еске сала кетейік, Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырған Алматыдағы Баганашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласқан болатын.
«Баганашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіру жоспарымен танысқаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйін жөндеп, тәрбиеленушілердің оқуын оңтүстік астанада жалғастыруды, сондай-ақ бұл нысанды қаланың балансына қабылдауды тапсырды», – деп мәлімдеді Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram-арнасында.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды көшіру тоқтатылды.
«Қалыптасқан жағдайға байланысты Президент әкімшілігі тарапынан қызметтік тергеу жүргізіледі. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың заңмен кепілдік берілген барлық құқықтары толық сақталады», – деді Желдібай.
Фото: Мәжіліс

Ең көп оқылған
