Дзюдошы Абиба Әбужақыноваға үшінші рет көлік сыйлады
Бұған дейін депутат Kia, атыраулық кәсіпкерлер Zeekr электромобилін тарту етті
Дзюдодан Париж олимпиадасында 5-ші орын алған Абиба Әбужақынова үшінші көлігіне ие болды, деп хабарлайды Malim.kz.
"Кезекті көлік. Бүгін "Жеңіс" дзюдо клубының президенті кезекті көліктің кілтін табыстады. Клубтың капитаны ретінде алған бүгінгі көлік мені бұдан кейін де тоқтамауға, тынбай еңбектенуге тағы бір себеп деп ойлаймын, челлендж деп қабылдаймын. Олимпиада ойындары менің өмірімді түбегейлі өзгерткені анық. Соған қарамастан барлығы мені қолдап, жылы лебіздерін аяп жатқан жоқ", - деп ағынан жарылды дзюдошы қыз.
Абиба Әбужақынова жүлде алмаса да өзін қолдап жатқандарға алғысын білдірді.
"Мемлекеттен, республикалық федерациядан, Атырау облысы және сүйікті "Jenys" клубымнан бұрын қандай қолдау болса, Олимпиададағы жүлдесіз нәтижеге қарамастан қолдауын жалғастырып отыр. Бұл - бір күндік емес, көп жылдық еңбенімнің, маңдай теріммен, тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде жеткен сый деп қабылдаймын. Бәріңіздің қолдауларыңызға ризамын! Әлі-ақ сіздердің үміттеріңізді ақтап, қолдауларыңыздың өтеуі ретінде жеңісті жолды жалғастырамын деп уәде беремін", - деп жазды ол.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова Мәжіліс депутаты Kia автокөлігін сыйласа, Атырау облысында жергілікті кәсіпкерлер Zeekr электромобилін тарту етті. Араға апта салмай Әбужақынова демеушілер есебінен үшінші көлігін мініп отыр.