Империялар қандайда бір елді отарлауда алдымен оның салт-дәстүріне шабуыл жасап отырған – жас ғалым

Дәстүр мен тіл, діл мен дін –  бір-біріне қабысып өркен жаятын өте нәзік дүние.  Бірін жойса, екіншісіне ол міндетті түрде әсер етеді.

Malim Админ

  • 21.06.2024

Әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Дәстүрге бай ұлттың бірі – қазақ халқы. Ата-бабамыздан жеткен сан түрлі жоралғыларымыз бен ғұрыптарымыз көп. Дегенмен қазіргі қазақ атадан балаға жеткен құндылықтарымызды қастерлеп, оның мән-мағынасын жете түсініп жүр ме? Осы мәселе төңірегінде PhD ғылым докторы, MNU Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры, «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының лауреаты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Халықаралық байланыс және PR  бөлімінің басшысы Алма Сайлауқызымен сұхбаттасқан едік.

-  Қазақ халқының өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі сияқты рухани құндылықтары ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Алайда, КСРО тұсында және қазіргідей жаһандану дәуірінде көптеген құндылықтарымыз ұмытылды немесе оларды өз деңгейінде ұстанбай келеміз. Қазіргі қазақтың салт-дәстүрді ұстануына қатысты қандай пікірдесіз? Біз ата-бабамыз қалдырған әдет-ғұрыптың маңыздылығын түсіне алып жүрміз бе?

– Әр ұлттың әдеп-ғұрпы сол халықтың бірегейлігінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық кодынан хабар беретін, мыңдаған жылдық даму сатысын, өркениетін көрсететін символы десек болады. Тарихқа көз жүгіртсек, бір империя екінші империяны жойып жіберер немесе «жұтып» қоятын кезінде оның адамына ғана емес, салт-дәстүріне де шабуыл жасап отырған. Өйткені бір адам болсын, өз ұлтының салт-дәстүрін сақтап, оны келесі ұрпаққа жеткізе алса, ол ұлт жойылды деуге негіз жоқ. Яғни, бір мемлекет өзін мемлекет етіп танытуы үшін жері, тілі, шекарасы болуы қажет болса, бір ұлт өзін ұлт ретінде сезініп, өзгеге дәледеуі үшін оның атадан балаға мұра болып жеткен  рухани мәдениеті, атап айтқанда салт-дәстүрі, фольклоры, қолөнері, әдет-ғұрпы, тарихы керек. Барлық өркениетті елдер өзінің рухани мәдениетін аса қастер тұтады, кейде тіпті жоқтан бар жасап, әспеттеп, аздаған дүниесінің өзін көздің қарашығындай сақтап, насихатын асырып жатады. Құрметінің дәлеліндей етіп ірі-ірі музейлер салып, этноауылдар ұйымдастырады.

Кеңес Одағы кезінде ұлтпен бірге салт-дәстүрлер де аяусыз жаншылды. Өйткені ұлттық сананың шамшырағындай болған ол рухани құндылық тұрғанда, «жаңа идеология», «жаңа концепцияның» өркен жаюы мүмкін емес еді. Ол үшін алдымен бірнеше ғасыр бойы қазақ жеріне миссионерлер жіберілді, олар қазақтың салт-санасымен асықпай танысты, зерделеді. Артықшылықтары мен осал тұстарын мұқият зерделеді. Сосын тапсырыс беруші тарап өз стратегиясын құрды.

Дәстүр мен тіл, діл мен дін –  бір-біріне қабысып өркен жаятын өте нәзік дүние.  Бірін жойса, екіншісіне ол міндетті түрде әсер етеді. Біртұтас организм десе болғандай. Мәселен, Тибет медицинасы жүректі емдеу үшін бүйректі, бауырды, өкпені де қоса емдейді, өйткені, бір-біріне тікелей әсерін нақты білгендіктен, міндетті түрде кешенді ем жүргізеді. Сонда ғана жалпы ағза сауығады. Сол сияқты кезінде дәстүр мен салттың алтын қазығындай болған, төрелігін мен реттілігін қадағалаушы абыз ақсақалдар мен имамдарды қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде қазақ санасы мен руханиятына орасан зор нұқсан келді.

Дегенмен ұлт зиялыларының орасан зор еңбегінің арқасында, біраз дүние түбегейлі жойылудан аман қалды. Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы жинақтап, өткен ғасырдың басында Мәскеудегі баспадан шығарып кеткен «Мың бір мақал, жиырма үш жоқтау» кітабы бір қарағанда жұп-жұқа туынды болғанымен, қазақтың барлық дүниетанымын, құндылығын, тіпті психологиясын танытар туынды дер едім. Мақал-мәтелге қарап отырып, ұлттық санамыздағы негізгі шамшырақтарды бағамдай аламыз. Ал жоқтауларды оқи отырып, жан азабын жеңілдетуге байланысты әр ұлтта болатын өлім жоралғыларының қазақша көрінісіне куә боламыз. Қазіргі таңдағы психологтар қайғыдан бас көтеріп, өмірін жалғастыру үшін жан жарасын жазатын мұндай дәстүрлердің мән-маңызын толық мойындап отыр. Мәселен, Әйеке деп аталатын 11-жоқтаудағы Ағыбай батырдың соңғы жорығы мен Бұдабай ақынның жырынан аталы сөзге тоқтау, сөздің құдіретіне бас ию сынды қазақы жөн-жоралғыларды көре аламыз.

 Тәуелсіздік алған соңғы отыз үш жылда өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді қайта тұтатуға тырысып жатырмыз. Ол процесс қандай қарқынмен жүре алар еді, рухани мұрамыз тура әуелгі маңызын сақтай алып жүр ме деген мәселе –  бөлек тақырып, бірақ салт-дәстүрлермен белгілі бір дәрежеде рухани түлеп, жаңғыруды бастан өткізгеніміз айқын.

– Ұмыт болған, қазір көп айтыла бермейтін жоралғыларымыз жайлы не айтар едіңіз? Сондай-ақ жағадан шығып жатқандары жайлы не айтасыз?

– Қазақ «Дәстүрдің   озығы бар, тозығы бар» деп тегін айтпаған. Қанша жерден қимасақ та, кейбір салт-дәстүр, ырым-жоралғылар ескіруі мүмкін. Оған бірнеше фактор әсер еткен деуге болады: ол заман мен бұл заманның өмір салтындағы айырмашылықтар (ол кезде зәру болған дүниеге бұл күнде қолжетімділік артқан дегендей); ғылыми-техникалық революцияның әсерімен кейбір құндылықтардың өзгеруі мен жаңаруы. «Заманына қарай адамы» дейді емес пе, дана халқымыз. Мысалы, «Кемпір өлді» деген дәстүрді тарихи кинолардан көруге немесе әдебиеттен оқуға әбден болады, ал шынайы өмірде қазіргі таңда жасап жату өнегелі, сәтті шешім деп айта алмас едім.  Айқайлап шалқасынан түсіп, «өліп» жатқаны сәл ыңғайсыз көрінері анық. Неліктен деп ойлайсыз? Қазіргі z және α-буын жастарының дүниетанымы басқаша, «Ақша алу үшін ғана үп-үлкен кісі өліп-тірілуге дайын ба, сонда? Оның несі күлкілі?» деп қисық сұрағын қойып жібере салады. Жалпы ұлттық идеологиямыздың өзі заманға сай бейімделіп отыруды құп көрген ғой. Қасаң, тым консервативті ұстанымда тұра беруге үндемейді. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деуі де соның айғағы.

Заманға сай бейімделіп, түлей алған жағымды жоралғылар қатарына жаңа түскен келіншекке бауырсақ пісіртіп тарату, ыстық шай құйып ұсынуды айтар едім. Тортты кесіп алып, ата-енесінің аузына салып беруге қарағанда, бұл жаңа үрдіс дүниетанымымызға әлдеқайда сай, тартымды, ұғынықты әрі тәрбиелік мәнге ие.

Жағымсыз көріністер де бар. Жуырда үлкен бір бесік жасатып, соған  еңгезердей ер кісіні бөлеп жатқан видео әлеуметтік желіде тарады. Өте ерсі, ыңғайсыз көрініс. Бала-шағаға дейін қасында шулап, қаумалап, мазақ етіп күліп жүр. Орамал таққан, орта жастағы апа кәдімгідей байсалды түр жасап алып, әлгі кісіні  әдеттен тыс бесікке салумен айналысып жүр. Бұл не? Күлкі ме, түрпі ме? Білместік пе, мазақ па,  ұғына алмадық. Жастардың алдында бұлай төмен құлдырауға болмайды деп санаймын. Мұндай дүниені қызық үшін жасаймын деп, қастерлі ұғымдарды жерге құлатып алмайық дегің келеді.

– Біздің ғұрыптарымызда «олай істеуге болмайды» деген тыйымдар көп кездеседі.  Әсіресе, балаға неге олай істеуге болмайтынын ашып айтуда тосылып қалатын сияқтымыз. Әрбір «тыйымның» артында үлкен мән жататыны белгілі, мүмкін соны түсінікті етіп айтып отыру керек шығар, қалай ойлайсыз?

– Әрине, әрбір тыйымның өз себебі, жөні, анықтамасы, түсіндірмесі болуы керек. Тек кейбір қатаң тыйымдарды «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ұстаныммен тәптіштеп тарқатуды жөн көрмеген. Алайда оның өзінің ғылыми негізі болғанын бүгінгі психолингвистика ғылымы дәлелдеп отыр. Өйткені әрбір сөздің өз энергиясы болғандықтан, негативті сөздер мен тіркестер жағымсыз ойлар мен іс-әрекетке түрткі болар қауіпті, қараңғы энергияның жиынтығын қалыптастырады деген тұжырым бар. Ал жалпы өзіміздің ата-анамыз 6-7 жасар «Негеш» кезімізде әр тыйымның мәнін «қылқылдап» сұрай бергендіктен, жұқалап, астарлап, өз қал-қадірінше түсіндіруге тырысатын. Қазіргі жас ата-аналардың өздері көп дүниеден бейхабар болғандықтан, бәлкім баласы кей тыйымның мәнін сұрай қалса, жауап бере алмай қиналып қалатын шығар.

Дегенмен, оның есесіне кез келген сұраққа жауап бере алатын Ғаламтор (Google, Wikipedia, т.с.с.) деген дүние шықты. Әрине, кітапханаларда  сақталған еңбектерден нақтырақ, бұлтартпас дәйектерді табуға болушы еді. Алайда оған уақыт болмаса, фактчекинг жасау арқылы, сараптап, іріктеп, қисынға сай саралай алса, тәп-тәуір жауаптарды, негіздеулерді  ол жерден де білуге болады.

Сондықтан ұғынамын, ұқтырамын деген адамға мүмкіндік көп.  Аузы дуалы, көпті көрген қария кісілермен де сұхбаттасып тұру осы бір  қазына білімді кемелдендіре түсер еді. Жалпы, осы саланың мамандары кешенді зерттеу жүргізіп, ырым-тыйымдарды, тұрақты сөз тіркестерін жинақтап, дүркін-дүркін баспа және электронды түрде таратып тұруды жолға қойса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып өсіру үшін қандай шаралар қолға алынуы керек?

– Осыдан жеті жыл бұрын Париждегі қазақ отбасының келін түсіру тойын көрдім. Франция қазағы Голландия қазағына үйленді. Сол кезде Тәбәрік деген ағамыз 100 жыл бұрынғы беташар мәтінін айтып, аса шебер тарта алмаса да, домбырасын дыңғырлатып тұрып беташар рәсімін жасады. «Ерте тұрып түндікті аш, келіншек» деген сөздер бар. Түндігі жоқ Париждің өзінде ол сөз айтылады, өйткені түндік – қазақ дүниетанымында тіршілік белгісінің бірі. Түндік ашылса, ол үйде өмір бар, бәрі жақсы дегенді білдіреді. Сол себепті, оның астарлы мәнін жете білмесе де, құлақтан кіріп, бойды алар әуен арқылы ұлттық код, гендік ақпарат «тулайды».

Тұсаукесер туралы ұлттық дәстүр шырақшысы Зейнеп Ахметова апамыз басқа бір ұлттың баласы тұсауы кесілмесе ештеңесі кетпейтінін, алайда қазақ баласына мыңдаған жыл бойы энергиялық тербеліс дәрежесіне көтерілген тұсау кесер рәсімі міндетті түрде қажет, әйтпесе өмір бойы сүріне беруі мүмкін деген мағынада пікір айтқан еді. Осы пікірмен толық қосыламын, ол –  ең бір қадірлі, мағыналы, қажет дәстүр. Оның жолы үлкен, лайықты азаматқа кестірудің өзі «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген келесі бір игі жоралғымызды көрсетіп тұр. Қырқынан шығару дәстүрі де жақсы дамып, бұрынғыдай тек әйел кісілердің жиыны емес, әулеттің атасы, әкесі, ағасы сияқты ер азаматтар да ақ тілегін білдіре алатын ортақ отбасылық рәсімге айналып келеді.

– Өзіңіз өмірде ұстанатын әдет-ғұрып, жоралғылар жайлы айтып берсеңіз.

– Біз отбасымызда негізгі деген сүйекті салт-дәстүрдің бәрін ұстанамыз. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, тілашар деген дәстүрдің бәрін өз уақытымен жасаймыз. Оған балалардың ата-әжелері, яғни біздің ата-аналарымыз да зор үлесін қосады. Асар, жылу, ерулік деген жөн-жоралғыларды да жиі атқаруға тырысамыз. Сонымен қатар отбасында үлкенді сыйлау, үлкен келмейінше ас бастамау, бата жасалмайынша дастарханнан тұрмау, келген қонаққа сый-сияпат беру деген сынды құрмет символдарын да балаларымыз көріп, сезініп өсіп келеді. Біздің көпбалалы отбасымыз осы бір ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, заманауи талаптардың да үдесінен шығуға тырысып, еліміздің берік бір кірпіші болып қаланып жатыр деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Байланысты жаналықтар

«Намаз оқуды талап еттік»: Абай Бегейдің әйелі балаларына діни тәрбие беретінін айтты

29.10.2024

Қазақстанда 12 мыңға жуық адам ұлтын ауыстырған

28.10.2024

Өскеменде жаңа мешіт ашылады

17.09.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

06.09.2024

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

10.08.2024

Сметов желіде талқыға түскен әңгімесіне қатысты жауап берді

08.08.2024
MalimBlocks
«Намаз оқуды талап еттік»: Абай Бегейдің әйелі балаларына діни тәрбие беретінін айтты

Әншінің жары балаларын намаз оқуға міндеттейтінін жасырмады

Қазақстанда 12 мыңға жуық адам ұлтын ауыстырған

Өскеменде жаңа мешіт ашылады

Ашылу салтанаты қыркүйектің 27-не жоспарланған

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

12 мешіттің аузына құлып салынып, архиепископ дін таласына шақырады

Сметов желіде талқыға түскен әңгімесіне қатысты жауап берді

Спортшы өзінің дұға оқу арқылы қарсыластарымды қиындықсыз жеңгенін айтқан еді.