Көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту керек - сарапшы
Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында елдің былтырғы дамуы қорытындыланып, алдағы жылға даму жоспары ұсынылды. Денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін жаңа мекемелер құрылып, медициналық қызметкерлердің мәртебесін арттыру мақсатында жалақы көтерілетіні айтылды. QMed ұлттық медицина палатасының директоры Әкім Тұрсынмен бұл жоспар қаншалықты тиімді екені жайлы әңгімелесіп көрдік.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген премьер-министр Әлихан Смайылов денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жұмысы жақсаратынын айтып, алдағы жылдың жоспарын бөлісті.
“Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында оларға арналған әлеуметтік кепілдіктер ұлғайтылып, жалақылары 20-30%-ке көтеріледі. Студенттердің стипендиялары 20%-ке, магистранттар, докторанттар мен резиденттердің стипендиялары 15%-ке көбейеді.
Ауылдық жерлерде кемінде 80 денсаулық сақтау объектілерін салу көзделіп отыр және ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін жұмыстар жалғасатын болады.
4 инсульт орталығы, 1 коронарлық араласу орталығы және 10 балаларды оңалтуға арналған орталық ашылады”, - деді Смайылов.
Сарапшы Әкім Тұрсын биылғы отырыста жақсы нәрселер айтылғанымен, жылдық жоспардың ескерілмей қалған тұстары көп деп есептейді.
“Смайылов атаған нәрселер көп жылдан бері айтылып келеді. Бірақ биылғы отырыстың ерекшелігі әрі жақсы тұсы - ауылдық деңгейдегі медициналық көмекпен қамту жайы айтылуы. Тек мұны жергілікті бюджет есебінен емес, кәсіпкерлермен бірлесе ұйымдастыруға болар еді. Кәсіпкерлер арасында бәсекелестік негізде ауылдық өңірлерде арнайы мекемелер салу ұсынысы жасалса, қаладағы көп кәсіпкер ауылға барар-ақ еді. Он аурухана салу үшін жергілікті әкімдік ертеңгі күні қаражат жетпейді деп немесе түрлі өзге себеп айтып, мәселе тағы созылып кетуі мүмкін.”
Сарапшы Смайылов айтқан оңалту орталықтарын салуға қажеттілік қайдан туғанын түсінбейінше, денсаулық сақтау саласын жақсарту мүмкін емес екенін айтады. Оның сөзінше, бар мәселе көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту арқылы шешіледі.
Оқи отырыңыз: Бейбіт митинг қантөгіске ұласады деп ойламадық - Дәрігерлер Қаңтар қырғынын еске алды
“Коронаорталық, медорталықтар салу жоспарланып отырғаны айтылды, ұнады. Бірақ біз үнемі алдын-алу шаралары мен себеп-салдарына мән бермейміз. Оңалту орталығын салмастан бұрын, “Түрлі ауруы бар балалар туылуы неліктен жиілеп кетті?” деген сұраққа жауап іздеу керек. Мұның себебі - әлеуметтік мәселелер, халықтың әл-ауқатының төмен болуы. Әуелден көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту керек. Жүктілік кезінде әйел адам тиісті қаралымнан өтпей, қажетті дәрумендерді қабылдауға да жағдайы жетпеген болуы мүмкін. Бұл кейіннен дүниеге оңалту орталығына мұқтаж ұрпақ келуіне әсер етеді. Ал оңалту орталығына жатқызылатын балалар - қарапайым науқас емес, олардағы инфекциялық ауру емес, бір-екі мезгіл дәрі ішіп жазылып кете алмайды. Осы сынды байқала бермейтін проблемалар түбінде миллиардтаған қаржыны талап ететін оңалту орталықтарын салуға мәжбүрлейді.
Біз үнемі жыртықты жамаумен әлек болып жүреміз. Кез келген нәрсені жоспарламас бұрын, неге түбіріне мән бермейміз? Көпбалалы аналар мәселесіне мән беру керек. Олар алатын 42500 теңгемен қай жыртығын жамайды? Әр балаға бөлек 42500 төлесе, түсінуге болар еді. Қазір ана мен баланың жағдайын жасамаса, ертең сол оңалту орталығының онын салу керек болады, артынша орталық түкке жарамай да қалады. Тіпті бір баласы бар ананың өзіне қажетті қаражат бөлініп тұрса, баласына да, өзіне де тиісінше көңіл бөліп, денсаулығына мән берер еді.”
Оқи отырыңыз: Қаңтар қырғынында туғандар
Әкім Тұрсын жалақы мен шәкіртақыны көтеру денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін жасалған дұрыс қадам екенін айталы.
“Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер жалақы мен шәкіртақыны көтеріп қоя салғаннан шешіле кетпейді. Жалақы мен шәкіртақы - өзі бөлек мәселе еді. Негізі әлі де арттыруға болады, бұрынғы денсаулық сақтау министрі жақсы жұмыс істесе, бұл әлдеқашан біткен іс еді. Қарапайым мысал, білім және ғылым министріне қараңызшы, жалақыны да, шәкіртақыны да көтеріп берді. Қазір мұғалім болуға деген қызығушылық та артты, бұрын грант көп деп, соңғы амал болған соң түссе, қазір мұғалімдікке басқа себеппен түсе бастады. Ғиният ханым да Үкіметке жалақы мен шәкіртақыны көтерудің маңызын түсіндіріп, табандылық танытып, көтеріп бере алады.
Атағанымдай, бұл тек ақша, табыс, материалдық мәселе емес. Барлық мәселенің түбірі, денсаулық сақтау саласының басты мәселесі - халықтың денсаулығы елдегі әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты. Сол себептен де жалақы мен шәкіртақы сөзсіз, көтерілуі керек. Ал аурушаңдық пен жылдап жоспарға кіретін медициналық мекемелерді салуға қажеттілік артпас үшін халыққа күтім жасауға жағдай жасалуы тиіс. Көпбалалы аналардың өтініштерін көзге ілмеуді қойып, жағдайын жақсарту керек. Бұл, әрине, үлкен саяси құрылым бірлесе жұмыс істеуі керек мәселе. Алайда, шешім осы."