Қазақстанда 190 орыс мектебі жабылды

Елдің үш өңірінде орыс тілінде оқытатын бірде-бір мектеп қалмады, деп хабарлайды Malim.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстандағы орыс мектептерінің саны 2020-2021 оқу жылындағы 1160-тан 2024-2025 оқу жылында 970-ке дейін азайған.
Осылайша, соңғы бес жылда 190 мектеп жабылды. Сол кезеңде бұл мектептердегі оқушылар саны шамамен 85 мыңға азайып, 310 мыңға жеткен.
Қалған 970 орыс мектебінің 710-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Олар негізінен солтүстік және орталық аймақтарда шоғырланған шағын жинақты мектептер, мұнда 75 мың бала оқиды. Ал 260 қаладағы мектепте 235,7 мыңнан астам оқушы бар.
Сонымен бірге, Қазақстанның үш өңірінде тек орыс тілінде білім беретін мектептер мүлдем қалмаған. Олар – Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласы. Мұндай деректерді RTVI «Қазақстан білім беру статистикасы» ұлттық жинағына сілтеме жасап жариялады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі оқу тек орыс тілінде жүретін сыныптарды жабу жоспары жоқ екенін, дегенмен статистика бойынша ата-аналардың басым бөлігі балаларын қазақ тілінде оқытуға көбірек таңдау жасап жатқанын мәлімдеген.
Фото: gov.kz

Ең көп оқылған
