Қазбек Бейсебаев: Мақсатымыз партия құрып, елді өзгерту

Елнұр Бақытқызы

  • 24.06.2021

Экс-дипломат Қазбек Бейсебаев, ЖСДП төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев, қоғам белсенділері Ғабиден Жәкей, Марат Уатхан, жазушы Талғат Айтбайұлы бастаған бір топ қоғам белсендісі "Халық сенімі" қозғалысын құратынын мәлімдеді.  Қозғалыстың мақсаты – елді өзгерту, күрделі саяси және экономикалық мәселелерді шешу, елдегі басқару жүйесін президенттік-парламенттік жүйеге ауыстыру. Оны іске асыру үшін қозғалыс өкілдері партия құрмақ.

Malim.kz қозғалыс тең төрағаларының бірі Қазбек Бейсебаевқа хабарласып, қозғалыстың жоспары мен мақсат-міндеті жайлы сұрады.

– Қазбек мырза, "Халық сенімі" қозғалысын құруға кім бастамашы болды?

– Ғабиден Жәкей, мен, тағы бір-екі азамат ақылдасып, осындай ойға келдік. Былайша айтқанда, ұсыныс халықтан шықты. Неге десеңіз, біз халық ішінде жүрміз, халықпен сөйлесеміз, халық тарапынан осындай сұраныс болды. Экономикалық ахуал қиындау, үкімет жұмысына қатысты сұрақ көп. Осылайша, билік қоғамды басқаруға араласуға мәжбүрлеп жатыр, ал қоғам белсенді азаматтарын саяси сахнаға шығарды. Конституцияға сүйенсек, халықтың елді басқаруға араласуға құқығы бар.

– Қозғалысқа әртүрлі азаматтар кіріп жатыр. ЖСДП өкілі, желтоқсаншы, ұлт патриоты, яғни түрлі бағыттағы азаматтар жүр екен. Бір-бірлеріңізді қалай тауып алдыңыздар?

– Әртүрлі бағыттағы адамдар болғанымен, мақсатымыз бір. Ол – саяси жүйені өзгерту, елді жақсарту, күрделі мәселелерді шешу, елді жаңа бағытқа салу. Сондықтан арамызда Қазақстанның түкпір-түкпірінен өкілдер бар.

Біз партия құрамыз деп жарияладық, ал неге партия құру керек? Өйткені реформа жасау үшін заңды өзгерту керек. Заңды өзгерту үшін парламентте болуың керек. Парламентке өту үшін партия керек. Сондықтан ең алдымен қозғалыс құрудан бастаймыз. Ол қозғалысты халық қолдаса, саяси партия құрылады. Сосын сайлауға қатысып, парламентке өтуге тырысып көреміз.

Бірақ одан бұрын ұйымдастыру жұмыстарын жасау керек. Облыстарда филиалдар ашу керек.

– Араларыңызда ЖСДП төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев жүр екен. Ол ЖСДП-дан кетіп қалды ма?

– Айдар Әлібаев партиядан емес, жеке азамат ретінде жүр. Бұл тек қана қозғалыс. Сондықтан кім қосыламын десе де шектеу жоқ.

– Қозғалыс құрылады деп хабарлағалы бері сіздерге билік өкілдері шығып, қандай да бір қысым көрсетті ме?

– Жоқ, біз заң шеңберінде, заңға сәйкес жұмыс істейміз. Билікке қатысымыз жоқ, билік те бізге ешқандай қысым көрсеткен жоқ. Өйткені партия құруға құқығымыз бар.

Ал тіркелмеген "ҚДТ", "Көше" партияларына қатысымыз жоқ.

– Сіздерге басқа қозғалыстар, саяси күштер, мысалы, Жанболат Мамайдың тіркелмеген "Қазақстанның демократиялы партиясы" немесе Тоғжан Қожалының "Халыққа адал қызмет" қозғалысы қолдау білдірді ме?

– Жоқ, олар бөлек, біз бөлек. Олар бізден алда жүр, қозғалысын ұйымдастырды. Біз енді бастап жатымыз. Біз оларға бәсекелес емеспіз. Бірақ саяси өмірде бәсеке болады. Олар құрылсын, біз құрылайық, кедергі жоқ қой. Олар өздері жеке жүр, біз өзіміз жеке жүрміз. Оларға қатысымыз жоқ.

Әр нәрсеге қаражат керек. Сондықтан халыққа, бизнес өкілдерінен қолдан келсе көмек берсеңіздер деп үндеу жарияладық. Қаржы жиналса, ақырындап облыстарға барып, филиалдар ашамыз.

– Әртүрлі саяси күштер бұған дейін партия құруға тырысып көрді. Мысалы, Жанболат Мамайдың Қазақстанның демократиялы партиясы немесе Тоғжан Қожалының қозғалысы. Бірақ осы күнге дейін ешқандай партия тіркелмеді. Қазіргі саяси жүйеде саяси партияны тіркеу қаншалықты мүмкін нәрсе?

– Бұл өте қиын нәрсе. Өйткені түрлі кедергі бар. Бірінші, кем дегенде он облысты аралап филиалдар ашу керек. Жиналыс өткізу керек. Әділет министрлігіне құжат өткізу керек. Ол қабылданса, 20 мың адамның қолын жинау керек. Бірақ саяси партия болмасақ та, саяси күш болуымыз керек. Ал саяси күшке айналсақ, басқалармен құдаласуға болады. Басқалар бірігейік десе, неге бірікпеске? Олардың платформасы дайын ғой. Бірақ мұны әзірге айту ерте. Алдымен өзімізді көрсетейік, көтерілейік. Қазір сөз бен істің алшақтық проблемасы бар. Ал біз іс атқаруымыз керек.

– "Халық сенімі" қозғалысының басқа саяси күштерден қандай ерекшелігі болады?

– Біз басқару жүйесін заңды жолмен өзгертуді мақсат етеміз. Яғни президенттік басқару формасын президенттік-парламенттік жүйеге өзгертуді көздейміз. Әкімшілік билік президентте, экономика үкіметте,оны бақылау парламентте болуы тиіс. Сайлау туралы заңға өзгеріс енгізіп, әр азаматқа сайлауға түсу құқығын қайтару керек.

Фото: Асылхан Мамашұлы, Azattyq.org

Байланысты жаналықтар

Биыл мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады

26.04.2024

Алматыда 3 адам көз жұмған автобус апаты: жүргізушіні ұрған адам 8 жылға сотталды

26.04.2024

Қазақстанда әйелдер еркектерден 9 жас ұзақ өмір сүреді

26.04.2024

Демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады

26.04.2024

«Семей орманы» резерватында өрт шықты

26.04.2024

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы. Тиімділігі қандай

26.04.2024
MalimBlocks
Биыл мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады

Бұл айда елімізде үш мереке тойланады.

Алматыда 3 адам көз жұмған автобус апаты: жүргізушіні ұрған адам 8 жылға сотталды

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстанда әйелдер еркектерден 9 жас ұзақ өмір сүреді

Қалалық тұрғындарының орташа есеппен жасы 75,73 болса, ауыл тұрғындарының үлесі 74,02 жасты құрады.

Демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады

Қазақстан бойынша жел күшейеді деп күтілуде, оңтүстікте және оңтүстік-батыста шаңды дауыл болуы мүмкін.

«Семей орманы» резерватында өрт шықты

ТЖМ мәліметінше, бұл аймақ батпақты, адам жетуі қиын жерде орналасқан.

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы. Тиімділігі қандай

Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды.