457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қуандық Бишімбаевқа қатысты тағы бір сот процесі өтпек

Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы, 24 жылға бас бостандығынан айырылған Куандық Бишімбаевқа қатысты тағы бір сот процесі өтпек, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі. 

Бұл туралы оның адвокаты Ерлан Газымжанов мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, алдағы сот процесі алименттік келісімнің өзгеруіне байланысты болады.

"Бұл келісім Куандық әлі бостандықта жүрген кезде, бизнеспен айналысып, табысы болған уақытта жасалған. Сол себепті алимент сомасы шектен тыс жоғары көрсетілген. Қазір ол жұмыс істемейді, алиментті оның ата-анасы төлеуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, Қуандықтың жинағы болған, сол жерден де қаражат алынған", – деді адвокат.

Газымжановтың айтуынша, қазір Бишімбаев колонияда жұмыс істемейді, өйткені "бос орындар аз". Алименттік келісімнің нақты шарттары құпия сақталады.

Сондай-ақ, адвокаттың сөзінше, Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдімен байланысты тағы бір сот процесі өтуі мүмкін.

"Тағы бір сот процесі болады. Салтанат Нүкенованың ағасы Конституциялық сотқа моральдық өтемақы көлемін арттыру жөнінде шағым түсірген. Шағым Жоғарғы сотқа тіркелді, бірақ ол Конституциялық сотқа жіберіле ме, әлі белгісіз. Жалпы, ол 1,5 миллиард теңге талап еткен. Бірінші инстанция 10 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылдады, бұл сома төленді. Алайда ол 1,5 миллиард теңгені талап етіп жүр. Апелляция бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды", – деп түсіндірді Ерлан Газымжанов.

Бұған дейін сот Куандық Бишімбаевтан материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы шешім қабылдаған. Экс-министр 6 877 672 теңге сот шығындарын және 10 миллион теңге моральдық өтемақыны төлеген.

Дегенмен кейінірек Салтанат Нүкенованың ағасы соттан 1,5 миллиард теңге моральдық және 8,8 миллион теңге материалдық өтемақы өндіруді сұрағаны белгілі болды.

Қазір Бишімбаевтың ата-анасы өз туыстары – Қайрат пен Бекзат Кемеловтерге қарсы сотқа шағым түсірген. Экс-шенеуніктің анасы Бекзат Кемелованы 1 миллион доллар көлемінде алаяқтық жасады деп айыптаса, оның күйеуін – жала жапты деп сотқа жүгінген.

Еске салайық, былтыр 13 мамырында Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Куандық Бишімбаев әйелі Салтанатты азаптап өлтірді деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін оның Степногорскідегі ҚАЖ департаментінің №5 мекемесінде жазасын өтеп жатқаны белгілі болды.

Фото: Жоғарғы сот