Сапасыз балабақшаға барғанша үйде отырған дұрыс

Соңғы жылдары елімізде балабақшалар саны күрт өскеніне қарамаcтан, ондағы балаларға жасалған жағдай халықтың көңіліне күмән ұялатады.

Ақниет Аманжолқызы

  • 18.02.2022

Malim.kz тілшісі мектепке дейінгі білім беру саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер туралы Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары, OYNA балалар институтының тең құрылтайшысы және Сәби шақтағы ортаны бағалау ECERS халықаралық шкаласының эксперті Согдиана Шукуровамен сұхбаттасты.

 

-Әңгімемізді өзіңіз тұтқа болған жобалардың бірі OYNA балалар институтынан бастасақ. Бұл институттың мақсаты қандай?

-2020 жылы мен түрлі салалардағы өзгерістер менеджерлерін дайындайтын Ел үміті жобасына қатыстым. Біздің мектепке дейінгі білім беру командасында бар-жоғы 3 адам ғана болды. Бірақ уақыт өте келе жобамызға еріктілер мен еліміздегі балалардың бақытты балалық шағын  көксейтін адамдар қосыла бастады. 2021 жылы сол команданың бастауымен OYNA балалар институты пайда болды. Ал OYNA атауы тікелей бақытты балалықпен мағыналас.

Біздің институт балалық шаққа қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, ата-аналар мен мектепке дейінгі мекемелердің педагогтеріне ақпараттық қолдау көрсетеді. Түрлі жобаларға қатысуы үшін кез келген адам біздің институт командасына қосыла алады. Біз бұрын Мектепке дейінгі балалық шақ деп аталған, қазір Балаларды ерте дамыту институты аталатын БҒМ жанындағы мемлекеттік мекемемен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мысалы, жақында олармен бірігіп балабақшалардағы қауіпсіздік туралы вебинар өткіздік. Сонымен қатар, Назарбаев университеттен бір миллион теңге көлеміндегі грант ұтып алып, оны Alaqan деген жобаға жұмсап отырмыз. Oyna.org.kz сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда қажетті ақпаратты екі тілде таратамыз және мамандармен тікелей эфирлер өткіземіз. Мұның бәрі тек ата-аналарға ғана емес педагогтерге де маңызды деп ойлаймын. ECERS шкаласына қатысты вебинарларды біз сайтымызда ашық жарияладық. Себебі осы салада жұмыс атқаратын педагогтердің аталмыш шкалаға қызығушылығы жоғары екеніне көз жетіп отыр.

Бізді Жоғарғы оқу орындарына да шақырады. Мысалы, жақында Қыздар университетінің қысқы мектебінде дәріс оқыдық. Институт енді қарқынды ілгері дамып  келеді. Биылғы жыл «Балалар жылы» болғанына қуаныштымыз. Себебі біздің бұл жылды көтеретін мәселелеріміз көп болмақ.

-Өзіңіз айтқан шкаламен біздің елдегі мектепке дейінгі білім беруді қалай бағалауға болады?

Қазір біздің елде мектепке дейінгі білім беру саласының сапасын тексеруге арналған ұлттық зерттеу жұмысы жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша көп жағдайларды қайта қарайды деген үмітім бар. Бұдан бөлек мектепке дейінгі білім беруді бағалайтын ұлттық шкаланы жасау жоспарда бар. Яғни халықаралық шкаланы біздің елге ыңғайлау керек. Бірақ менің білуімше, біз айтқан шкаламен  саланы бағалау әлі зерттелуде, ресми ақпарат берілмеді. Алайда өзім анонимді түрде өткен ақпарат жинау кезеңінде жұмыс істегендіктен, егер 7-ден 1-ге, яғни ең жоғары балл 7, ең төмені 1 болса, біздегі мектепке дейінгі білім беру сапасы 3 деген баллға да жетпейді. Яғни сапа төмен.

-Жақында өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «енді балабақшалар қатаң бақылауда болады» деді, яғни «санитарлық, білім және басқа нормаларды қатаң бақылаймыз» деді. Автоматты түрде туындайтын сұрақ: Сонда осы кезге дейін бақылау болған жоқ па? Болса, неге қатаң болмады?

-Иә, министр «санитарлық және басқа да нормалар қатаң тексеріледі» деді. Менің ойымша, әңгіме дәл жеке балабақшаларға қатысты болды. Себебі мемлекет балабақша орындарымен қамтамасыз ете алмаған тұста, Балапан бағдарламасы аясында жеке меншік бақшалар ашыла бастады. Олар мемлекеттік тапсырыспен, лицензиядан өтуге жарияланған мораториймен ашылды. Қазір қалалардағы тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан бақшалар мен дамыту орталықтардың саны сол тұста көбейіп кетті. Олар көбіне еш нормаға сәйкес келмейтін еді. Оның үстіне онда жұмыс істеген адамдарға да бұрынғыдай қатты талап болмағаны мүмкін. Бұл жағдай елді балабақшамен қамтамасыз еткен мемлекетке де, субсидия алған кәсіпкерлерге де, бақша үшін азырақ ақша төлеген ата-аналарға да тиімді болды. Алайда балалардың қандай жағдайға тап болғаны сұрақ болып қала береді.

-Осы соңғы жылдары бәлкім жаппай балабақшалар ашылып кеткеннен болар балаларға бақшада қатігездік танытқан видеолар қаптап кетті. Екеуі бір-біріне байланысты ма?

-Қателеспесем, 2018 жылы балабақшаларда видеокамера орнату туралы жарлық шықты. Оған дейін де мұндай жағдай болуы мүмкін. Ол кезде камералар болған жоқ. Бірақ, меніңше, камера қоюмен жағдайды шешу мүмкін емес. Ол бір «аурудың» өзімен емес, оның белгілерімен күресу секілді мәселе. Жалпы балабақшалар, мектептер мен жоғарғы оқу орындары халықтың жай-күйін көрсететін айна тәріздес. Себебі білім беру жүйесі вакуммде қалып, қоғамнан бөлініп кете алмайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық пен булинг біздің елде аса күрделі мәселелердің бірі болып келеді. Алайда әйел адамдар көмек сұрап, жағдайы туралы айта алады. Ал балалар бұл жағдайда шарасыз. Олар өздері үшін жауап беретін ересектерге сенеді. Жалпы біздің қоғамға балалар мен әйелдерге деген көзқарасты өзгерту керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа заңды түрде ғана емес шынайы өмірде де қатаң қарастырылмаса, бұл жағдай білім беру жүйесінде қайталануы ықтимал. Зорлықтың әртүрлі формада болатынын да ойлау қажет. Бірден байқауға болатын сексуалды-физикалық зорлықтан бөлек эмоционалды, моральді, психикалық зорлық бар. Бұл өз кезегінде кейін психикалық көңіл-күйге әсер ететін болады. Айғайлау, ұрысу, жеку, мұның бәрі зорлық екенін ұмытпау керек. Егер ата-ана үйде баланы қорқытып, оны ұру тәрбиенің бір бөлігі деп ойласа, сәби бақшада да бұл жағдайдың болуы норма деп ойлап, ешкімге бұл туралы айтпайды. Бірінші кезекте ата-ана балаға қамқор болып, өзіне жасалған қиянатқа шыдап тұруға болмайтынын үйретіп, баламен сенімді қарым-қатынас құру қажет.

-Ал педагогтерді қалай бақылау керек? Бұл тек отбасымен шектеліп қоятын мәселе емес қой.

-Жақында ғана бізге мынадай ақпарат келді. Балаға зорлық көрсеткен педагогті жұмыстан шығармақ түгілі жәй ғана қатаң ескерту жасаған. Бұл біздің қоғамның балаларға деген көрсетілетін қамқорлықтың деңгейін көрсетеді. Сондықтан балабақшада сәбилерге зорлық көрсеткен педагогтерге қатысты мәселені заңды түрде қарап, қатаң жаза көрсетілуі  қажет.

Өкініштісі, біздің елде педагогикалық кадр әсіресе мектепке дейінгі білім беретін кадрлер деген аса үлкен мәселе. Менің ойымша, бірінші кезекте көбірек қаржы бөлу мәселесін қарастыру керек. Дамыған елдер баланың ерте есеюіне көп қаржы жұмсайды. Себебі дәл осы бала шағында жақсы білім мен бағыт алған адам ертең өз өмірін де, елінің болашағында жарқын етеді. Бұдан бөлек бір тәрбиеші тобында болатын балалар санын да азайту керек. Мысалы, Финляндияда 1 тәрбиеші 4-7 балаға қараса, ал бізде мемлекеттік балабақшаларды алсақ, 1 тәрбиеші 25 балаға қарайды. Яғни қосымша кадр дегеніміз қосымша қаржы жұмсау деген сөз. Ал бізде қазірдің өзінде кадр жетіспейді. Себебі адамдар бұл мамандықты таңдамайды, таңдаған күннің өзінде ұзақ жұмыс істемейді. Еңбек ету жағдайы мен жалақы төмен. Олар да отбасын асырау керек. Мен зерттеу жүргізгенде екі ставка алуға мәжбүр тәрбиешілерді де көрдім. Ойлаңыз таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жиырмадан аса балаға қарау үшін физикалық-эмоционалды күш керек. Қазір орта білім беретін педагогтердің жалақысы көбейіп жатыр ғой. Егер тәрбиешілердің жалақысын тым болмағанда мұғалімдердің жалақысы теңестірсе, бұл да бір мотивация болатын еді. Соңғы шыққан ұлттық есепке қарасақ, 2020-2021 жылғы оқу жылына Жоғарғы оқу орындарындағы мектепке дейінгі білім беру мамандығына келушілер бар-жоғы 0,6-0,8 пайызды құраған. Яғни түлектер мамандыққа қызықпайды. Кадрлардың жиі ауысуы, жалақының төмендігі бәрі осыған алып келеді.

Бізге педагогтер сапасын жақсарту үшін барлық деңгейде өзгерістер жасау керек. Біріншіден, кандидаттарға жоғары талап қойылуы керек: яғни университетке бұл мамандыққа кімді оқуға алғанымыздан бастап, балабақшаға кімді жұмысқа қабылдайтынымызға дейін бақылау қажет. Психологиялық тесттер, жоғары талапты емтихандар мен келіссөздер болуы шарт. Жоғарғы оқу орындарында білім мазмұны мен сабақ беретін ұстаздардың деңгейін арттыруға да мән бергеніміз жөн.

-Балабақшаларда сабақтың орнына ойын өткізу туралы да айтылып жатыр. Балаларға қайсы тиімдірек: ойын әлде сабақ?

-Магистратура аясында мен мектепке дейінгі білім беретін педагогтардың мемлекеттік балабақшаларға ойын енгізуіне қатысты зерттеу жұмысын дайындағанмын. Сол кезде бақшадағы сабақтардың мектептегі сабақтан көп айырмашылығы жоғын түсіндім. Яғни сәбилерге өз жастарына келмейтін талаптар қояды. Мысалы, партада ұзақ отыру немесе бір тақырыпты мұқият тыңдай алу, жүгірмеу, ойнамау деген секілді. Барлық сабақтардың үлгісі ұқсас педагог балалардың алдында тұрып сабақ береді. Және тағы бір ескеретін мәселе тәрбиешілердің көбі бақшаға мектептен ауысып келеді. Олар кішкене балалармен қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Мысалы, соңғы ұлттық есепті алып қарасақ, тәрбиешілердің тек 50 пайызы мектепке дейінгі білім беру саласында жоғары білім алған. Әрине жаңалық енгізіп, сабақтың ертегі арқылы түсіндіруге тырысатындар да бар. Алайда көпшілігі сабақты қалай қызықты ету керегін білмейді. Менің зерттеуіме қатысқан педагогтердің барлығы өздеріне ойын түрінде сабақ өтуге көмектесетін семинарлар керегін айтқан. Балабақша әкімшілігі олардан стандарттан ауытқымауды талап етеді, ата-аналар мектепке дайындауды талап етеді, ал тәрбиешілер осының бәрін балалардан талап етеді. Яғни баланың қалауы бірінші орында емес.

Зерттеуде қорытындысында анықталған тағы бір мәселе: балалардың бос уақыты, яғни ойнайтын уақыты аз, тіпті жоқ десе болады. Қазір көп балалар түске дейін бақшада мемлекеттік стандартпен дайындалып, түстен кейін әртүрлі үйірмелерге қатысып, репетиторларға барады. Бұл ата-ана мен тәрбиешіге тиімді, алайда бала осындай бақылаулардың әсерінен өз ойын айтудан қалады. Өздеріне басқа біреудің берген тапсырмасын орындап қана отырады. Олар таңдау жасауға қиналады, себебі олар да таңдау болмаған. Қазір балалар ойнамайды деп айтатындар көп. Алайда балаға ойнауға уақыт берілмесе, не істейді?

Тағы бір мәселе материалдық қиындықтар. Мысалы, бір балабақшада музыка пәнінің мұғалімінде музыкалық инструмент жоқ. Сондықтан ол сабағын қызықты өткізу үшін инструментті өзі қағаздан жасап, керек-жарағын өзі алады. Онсызда аз жалақысын жұмысқа жұмсайды. Мәселенің ойыншықтар мен дидактикалық материалдарға да қатысы бар. Бір жерлерде оларды балаларға мүлдем бермейді, балалар сындырып қояды немесе ертең комиссия келсе, көрсету керек деп ойлайды. Кейбірінде ойыншық аз болғандықтан балалар өзара бөлісе алмайды. Ойын алаңдары да дұрыс жасақталмаған, оған да ылғи ақша жетпей қалады.

-Сонда біз де мектепке дейінгі білім берудің стандарты жоқ па?

-Біздің елде стандарт бар. Бірақ оған біршама өзгеріс енгізу керек. Тіпті «Мектепке дейінгі білім беру» деген сөздің өзі де дұрыс емес, Балаларды ерте дамыту болуы керек еді. Яғни бұл жәй ғана мектепке дайындау емес, баланың өміріндегі ең маңызды кезеңдердің біріне айналуы керек. Қазіргі стандарттарда мектепте талап етілуі тиіс дүниелер бар. Бала бұл жаста партаға отыруға міндетті емес, ол ойын ойнап жүріп те көп дүниені тани алады.

-Ал біздің елде жақсы жұмыс істеп келе жатқан балабақшалар бар деп айта аламыз ба?

-Әрине, жақсы бақшалар бар. Мысалы, ақылы бақшалар. Бірақ олардың бағасы аспандап тұр, көпшіліктің қалтасы көтере алмайды.

-Бұл дегеніміз осы кішкентай кезінен бастап, азаматтар да теңдік жоқ деген сөз ғой?

-Иә, тең дәрежеде емес. Мемлекеттік бақшаларға көбіне жеке мекемеге баласын апара алмайтындар баратынын білем. Бірақ мен барлық ақылы балабақшалар сапалы деген оймен келіспеймін. Жоғарыда айтқан ақылы балабақшаларға жасалған жеңілдік кезінде ашылған ақылы мекемелердің сапасы қуантпайды. Бірақ бізде халықаралық стандарттарға сай балабақшалар бар. Өкініштісі, халықтың басым бөлігі балалар ол жерге апара алмайды.

-Қазір балалар кішкене кезінен ата-аналарының тапсырмасымен әртүрлі курстарға барады. Ата-ана мектепке дейінгі білім беруге қатысуы қажет пе? Және баланың біліміне қатты мән беріп, әртүрлі сабақтарға қатыстыру қаншалықты дұрыс?

-Әрине, міндетті түрде қатысуы керек. Бірінші кезекте бұл балалар үшін маңызды. Олар өздеріне қамқор болатын адам барын сезінеді. Ата-ана мен тәрбиеші бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек. Олар баланың эмоциясын, бейімін, қызығушылығын бағылап, сол бағытта жұмыс істеуге жәрдем жасау керек. Және баланы артық сабақтарға қатыстырып керегі жоқ. Себебі ол сабақтар баланың ойынға бөлінген уақытын қысқартады. Бала өзіне керекті жан-жақты дамуды балабақшада алуы керек. Бірақ бұның тағы өзектілігі бар. Қазір бастауыш мектепке қабылдаудың өзі қатаңдап кеткен. Яғни бала мектепке бір орында отыратын, қалам ұстай алатын, жазу жаза алатын адам болып бару керек. Сонда ол мектепте не үйренеді? Көп елдерде 1-2-сыныптың өзі сәби кезең боп есептеледі. Ол кезде балаларға қатты талап қойылмайды.

-Балабақшаға бара алмайтын балалар да бар. Жалпы бақшаға бармаудың кесірі тие ме?

-Бәрі баланың ортасына байланысты. Егер отбасында баламен ойнайтын, кітап оқып беретін, сөйлесетін адам болса, баланы аулаға шығарып, басқа балалармен ойнататын болса, бірге серуендейтін болса, яғни оған қажетті ортаны қалыптастыратын болса, балабақшаға берудің керегі де жоқ. Тіпті сапасыз бақшаға бергенше, үйде мейірімді, көңіл бөлетін әжесі не анасымен отырғаны дұрыс деп ойлаймын.

Байланысты жаналықтар

Теміртауда балабақшаға мас күйде келген тәрбиеші жұмыстан қуылды

23.10.2024

Жыл басынан бері 10 тәрбиеші жұмыстан шығарылды

14.10.2024

«Балабақша күтушісі кішкентай қызды ұрған»: Қылмыстық іс қозғалды

20.08.2024

Балабақшада 3 жасар қыздың денесін көгерткен. Тергеу басталды

19.08.2024

Астанада балабақша жетіспейді

15.08.2024

Атырау балабақшасындағы бала өліміне қатысты іс қозғалды

14.07.2024
MalimBlocks
Теміртауда балабақшаға мас күйде келген тәрбиеші жұмыстан қуылды

Балабақша тәрбиешісі ішімдік ішіп алып, балаларға агрессия көрсеткен

Жыл басынан бері 10 тәрбиеші жұмыстан шығарылды

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова мәлімдеді

«Балабақша күтушісі кішкентай қызды ұрған»: Қылмыстық іс қозғалды

Оқиға Динара Зәкиеваның бақылауында

Балабақшада 3 жасар қыздың денесін көгерткен. Тергеу басталды

Баланың бақшаға барғанына небәрі үш-ақ күн болған 

Астанада балабақша жетіспейді

57 283 бала кезек күтіп тұр

Атырау балабақшасындағы бала өліміне қатысты іс қозғалды

Бүлдіршін септикке батып көз жұмған