Сеулде тұратын қазақ: «Атақ-абыройың, мансабың қызықтырмайтын ортаға түстім»

Бұл жақта сырттан келген адамға төмен жалақы, кореялықтарға жоғары жалақы қою деген түсінік жоқ.

Олжас Қасым

  • 23.03.2022

Сайрангүл Даханқызы Қытайдан Қазақстанға 2005 жылы оралған. Қазақ елінде білім алып, отбасын құрған. Журналистика саласында оқыған Сайрангүлдің жазбалары кейінгі кездері баспасөз беттерінен көрінбей кетті. 2018 жылы Оңтүстік Корея астанасы Сеулге көшіп, сонда тұрақтап қалған екен. Таңғы балғындық елінде тұратын жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.  


-    Оңтүстік Кореяға кеткеніңді әлеуметтік желіден біліп жатырмыз. Елден не себепті көштің?  Шет елге қоныс аударуыңа қандай жағдайлар  әсер етті? 

- Мен 18 жасымда арғы беттен  атамекенге оралып, Алматы қаласына тұрақтадым.  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдап, қолға диплом алдым. Мақсатым – қоғамға байыпты түрде қарай алатын, өзіндік пікір-пайымы бар журналист атану еді. Осындай жоспармен алғашқы талпыныстар басталды.  Ең алдымен республикалық "Ақ босаға" газетінде тәжірибе жинақтап, біліктілігімді арттырдым.  «Қазақ радиосына» барып көрген едім, ол жақта іс-тәжірибеге уақытыңды құртпа, ала алмаймыз деді. Дайын журналистердің өзін қызметке ала алмай отырғандарын жеткізді. Осы қарашаңырақта еңбек етсем деген арманым бар еді, ол да орындалмады. Еліміздегі басылымдар мен баспаларда, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқаруға болатын еді.  Дегенмен, өзімді басқа да кеңістікте дамытқым келді. Оның үстіне орыс тілін дұрыс білмегендіктен,  көп жерлерде тосқауыл қойыла берді. «Орыс тілін білмесеңіз жұмыс істеу қиын болады, тек қазақ тілінде ақпарат тарата алмайсыз» деген кедергілерден бетім қайтып қалғаны рас. Таза қазақ тілінде жарыққа шығатын бұқаралық ақпарат құралдарына да барып көрдім. Бірақ, ол жерлердегі айлық мөлшері өте төмен болды.  Мұндай қаражат менің отбасымның қажеттілігінен, жүріс-тұрыстан аспай қалып жатты. Сондықтан өзімді басқа салада сынайын деп Оңтүстік Корея астанасы Сеулге қоныс аудардым. Биыл мұнда келгеніме бес жылдың жүзі болды.  Осындай тәуекелге толы батыл қадамға барғаныма қуанбасам, еш өкінбеймін.

-    Бастапқы кезде қиындықтар туындайтыны белгілі. Өтпелі кезеңнен қалай өттің? 

-    Басты мақсатым – Сеулге келіп, дамыған мемлекетте өзімді тұлғалық жағымнан қалыптастыру, оқу, іздену, білімімді толықтыру еді. «Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дейді. Бара салып бірден жақсы қызметке тұрып кеткен жоқпын. Жарты жылға жуық тәжірибе жинау мақсатында жұмыс  істедім. Корей тілінің алғашқы курсын оқыдым. Алматыда да екі жылдай осы тіл бойынша арнаулы білім алғанмын. Ағылшын, қытай тілдерін білгенім себепті кәрісше үйрену қиын болмады. Осылайша өзімді Кореяға, Сеулдің ортасына бейімдедім. Аш та болдым, тоқ та болдым.  Дамыған елге бару өміріме бірден-бір өзгеріс әкелетін қадам деп сезіндім. Үлкен қаланың ортасына топ ете түскенде – жаңа өмірді бастағандай толқыныс болды. Бұл жақта басыңнан сипайтын әке-шешең жоқ, дайын жұмысты ұсына қоятын аңғал-саңғал халқың жоқ, атақ-абыройың, мансабың қызықтырмайтын ортаға түстім. Сондықтан көп дайындалып, көп іздендім. Қиналған, толқыған кездерім әлі есімде. Біраз уақыт өтті. Қазіргі күні санамды сансыратқан сәттерімді күліп, сағынышпен еске аламын. Сеулдің тұрғыны болып, ортаға бейімделіп кеттім.

-    Кореяда жемқорлық, қоғамды жайлап кеткен тамыр-таныстық, заңды белден басу деген секілді жағдайлар байқала ма?  Елдің қазіргі даму бағытына тоқталып өтсең... 

-    Кореялықтардың әлеуметтік жағдайы, билігі, заң-саясатының арасы Қазақстанмен салыстырғанда жер мен көктей. Корей елі – заңды мойындап, заңға бағынатын ел. Заң халық үшін, халық заң үшін жұмыс істейді. Мемлекеттен қандай тапсырма – бұйрық келсе, халық бұлжытпай орындайды. Өйткені билік бұқараға, бұқара билікке сенеді. Басты құндылық адам өмірі жақсы қорғалады, қауіпсіздік бірінші орында. Өндіріс салаларына төмен пайызда қаржыны көбірек бөледі. Ауыл шаруашылығында қызмет ететін фермерлерге төмен пайызбен төлемдер қарастырып қойған. Шаруашылықпен айналысатын жерлері де заманауи технологиямен жабдықталған. Не керектің бәрі бар. Ісін алға бастырып, кәсібін дамытып отырған корейлер жетерлік. Туыстарымен қырық пышақ болмай, тонның ішкі бауындай араласып, бірлесе өндіріс құрып отырған жұртты жиі ұшыратамыз. Елде техникалық мамандықтарға сұраныс көп. Осы бағытта оқыған мамандардың еңбекақысы жоғары болады. Біздің мемлекетте гуманитарлық бағытқа қаржы көбірек бөлінсе, оларды керісінше орта және шағын бизнесті, шикізатты өңдеп өнімге айналдыратын салаларға жіті назар салынады. Мұндай кәсіби мамандарға бірнеше жерде жұмыс істеуге мүмкіндік зор. Қазақстанға да техникалық кәсіптерге маңыз беру керек деп ойлаймын. Дамыған елдердің бір жетістігі техникалық мамандықтарды жолға қойғаны дер едік. 
Ешқандай зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, қулық-сұмдық деген атымен жоқ. Үйлердің есігі ашық қалса, көліктері кілттенбей тұрса да ешқандай қауіп жоқ. Бір затыңызды ұмыт қалдырып кетсеңіз қажет уақытында сол жерден алып кете аласыз. Ұрлық-қарлық етек алмаған. Себебі, барлық жерде бейнекамера орнатылған. Заң қатаң.      
Оңтүстік Корея өзің көздеген жұмысты істеп, қажет еткен жалақыңды табуға мүмкіндік беретін дамыған ел. Ал Сеул - әр адам өзі қалағандай еркіндікте өмір сүретін қала.
Тағы бір атап айтар жайт - атақ-абыройың, мансабың айналаңа ешқандай әсер етпейді. Өз ісінің маманы, адал қызметкері болса еңбек бағаланады. Қызмет жасайтын адамның өсіп-өнуіне, болып-толуына, карьерасына ешқандай кедергі жоқ. Дұрыс жүріп, дұрыс тұрсаң бұл жақта мақсатыңа жылдам қол жеткізуге болады.  

-    Кореяда жалақы мәселесі қалай шешілген?

-    Сеулге келіп жұмыс істеп жатқан қазақстандық азаматтардың жас шамасы 20-40 жас аралығында. Қазақстанда мектепті енді тәмамдап, ЖОО, магистратура, докторантура бітіргендер, тіпті мықты компанияларда қызмет еткен білікті қандастарымызды көптеп кездестіруге болады. 10-15 жыл қызмет өтілі бар дарынды мамандар, өнерлі өнерпаздар көп. Көбісі дерлік Қазақстанда жалақы аз болғандықтан экономикалық себептерге байланысты келген. Көптеген жас қыздарымыздан сұрап, сұхбаттасқан едім, «ертерек қоғамға бейімделгіміз келді, отбасымызға көмек бергіміз келді» дейді. Әрқайсысының алуан түрлі жағдайлары бар. Отбасылық, әлеуметтік жағдайларына байланысты оқу оқымай шетел асуына тура келген. Кейбірі оқу орнын бітірсе де мамандығына сай жалақысы жоғары тұрақты жұмыс таппағандықтан осындай қадамға барған. Бұл жақта сырттан келген адамға төмен жалақы, корейліктерге жоғары жалақы қою деген түсінік жоқ. Барлығына тең қарайды. Негізгі шарт – кәріс, ағылшын тілдерін білу. Арнайы косметикалық салаларда, машина жасау өндірісінде, тұрмыстық заттар жасайтын компанияларда да қызмет етіп жүрген қазақтар бар. Мақтануға тұрарлық қазақ жастары көп. Сол жастарымыздың кәрістер сияқты қажырлы, қайратты, уәдесіне берік, айқын мақсатты болып қалыптасып келе жатқаны қуантады.

-    Өзің тұрып жатқан мемлекеттегі жастардың қазақ жастарымен салыстырғанда нендей айырмашылықтары бар? 

-    Бір байқағаным, мектеп оқушылары мен студенттер білім алудан басқа ештеңеге алаңдамайды. Айталық, мектеп оқушыларын арнайы тасымалдайтын көлік қарастырылған. Әке-шешелері оларды сабаққа апару үшін таңғы5-6-да тұрмайды. Үйді-үйден қоғамдық автобустар оқушыларды алып кетеді. Балалар мен жастар уақытты текке ұрлайтын ду-думан, ырду-дырдуға уақытын ұрлатпайды. Олар үшін уақыттан артық құндылық жоқтай көрінеді. Мектеп, университет қабырғасында «уақыт – ақша» деген ұғымды басты орынға қояды. Ата-аналары балаларына балабақшадан бастап «уақытыңды жоғалтпа, ертең нан таппай қаласың» деп тайм менеджментті жақсы үйретеді. Мәселен, мен жоғарғы оқу орындарына барып сұхбат құрайын деген кездерімде «түскі асқа 15 минутым ғана бар еді. Сұрағыңызды тезірек қойсаңыз» деп айтады. Басқа да салада жүрген мамандарды әңгімеге тарта қалсаңыз «он минутым ғана қалды, сауалыңызды осы уақытқа шақтап қойсаңыз» деген өтініш білдіреді. Біздің Қазақстандағы сияқты еркіндіктің жөні осы екен деп, қай жерде жиын-той болса асай-мүсейін алып шапқылай беру ол жақта жоқ. Жастар өзінің таңдаған мамандығын бүге-шігесіне дейін сіңіріп оқымай, басқа мәселеге бас ауыртпайды. Кореялық жастар уақытына, жалпы өзіне сатқындық жасамайды. Диплом алсам болды ғой, қалай да оқып бітіремін деген бейқамдықты олардың бойынан аңғармадым. Егер өз ісінің маманы белгілі бір жұмыс орнына барса басшылыққа ұнамайтын жағдайларды ашық айтады. Себебі, ол білімді, тәжірибелі. Сол себептен де парақорлық, жеке басқа табынушылық, екіжүзділік сынды әрекеттер атымен жоқ.  Жаңа Қазақстан құрылады деп жатыр. Яғни елімізге білімнің ғасыры келді. Дипломды сатып алатын, әке-көкесіне сүйеніп жұмысқа тұратын, жеке басқа табынатын заман өтті. Қазақтарға өзгеру керек. 
Кореялық ата-аналар балалары білім алуы үшін ештеңеден бас тартпайды. Көпшілігі оқып жүріп жұмыс істемейді. Білім ала жүріп қосымшакурстарға қатысады.Әке-шешесі оларды жұмсамайды, бізді асырамадың деп базынасын айтпайды. Білім алып аяғынан тұрғаннан кейін ғана ел азаматтары ата-анасына көмектесіп, отбасын құруға талпынады. 

-    "Таңғы балғындық елінде" қоғам үшін айрықша маңызға ие дәрігер, полиция, қоғамдық көлік жүргізушісі сияқты мамандарға мемлекеттің қарым-қатынасы қалай?  

-    Дұрыс сұрақ. Медицина, транспорт, білім саласындағы, құқық қорғау органдарындағы мамандардың балалары тегін емделеді. Негізінде ол жақта медициналық қызмет көрсету өте қымбат. Бірақ халық үшін еңбек ететін, елдің жақсы өмір сүруі үшін жан аямайтын қызметкерлерге ерекше көңіл бөлінген. Сондай-ақ жас отбасыларға төменгі пайызбен үй беріледі. Қазақстандағы секілді неше жыл кезекке тұру, пәтер жағалау сынды мәселелерге ұрынбайтыны содан. Кореяды жер, үй алу негізінен арзан емес. Алайда елдің болашағы үшін қызмет етіп жүргендерге мемлекет қарайласады. Осыдан соң жергілікті халық мемлекетке адал еңбек етеді. Жоғары табыс алады. 

-    Корея сені қалай өзгертті?  Өзге елде жүріп көкейіңе қандай ой түйдің?

-    Кәрістердің жақсы қасиеті – ісіне адал, уәдеге берік. Мемлекетке, Отанға, қызметке, жеке басқа адалдықты осы елден үйрендім. Бірін бірі сатпайды. Басқа діндегі адамдар болса да, мұсылманнан да өткен бір-біріне  жаны ашып, көмектесіп тұратын сондай кішіпейіл ел. Сол жақта жүріп мейірбан, қамқор ұлт екенін байқадым. Тағы бір айта кететіні, кәрістер тек бір мамандықпен шектелмейді, әр түрлі мамандықты игеріп, зерттеп жан-жақты болуға  бейімделеді екен. Олар 70-80 жасқа келгенше ізденіп, білімін жетілдіруден жалықпайды.
Корея елінің негізгі міндеттерінің бірі – қажыр-қайратпен тынбай еңбек ету. Сондықтан жалқауларды, уәдесінде тұрмайтын адамдарды олар бағаламайды. Қоғамда бір жалқау адам болса оны «сен кәріс емессің, кәрістер бұндай болуға тиіс емес» деп қайрап, жігерлендіреді. Әрбір уақытты бағалайды. Тұрақтылықты, тынбай еңбектенуді, адалдықты кәрістерден үйрендік. Біз, қазақтар негізі жалқау халық екенбіз. Корейлерде кішкентай жердің өзі бос емес. Қазақстандағыдай кең байтақ жері болса әлдеқайда алға қарай дамып, қарыштап кетер ме еді...

-    Кореяға қазақстандықтар көбіне қандай мақсатпен барады?  

-    Бұл жақта тек кореялықтар ғана емес, АҚШ, Жапония, Канада, Қытай, Сингапур секілді әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, жұмыс істеп, білім алып жатқан азаматтар көп. Сөйлесіп, өз елдері туралы сұрап жатамыз. Олар мемлекетіне шағым айтып, ата-анасына ренішін білдірмейді. Тек қана өздерінің көзқарасын, әлеуметтік жағдайын өзгерту үшін келгенін айтады. Сол замандастарымның айтқан әңгімелерінен түйгенім – ешқашан елге, басқа да жақын-туғандарыңа сенбеуің керек, өзіңе ғана сенім білдіруің керек деген ойды аңғардым. Сонымен қатар, уақытты тиімді пайдалануды, мақсат-міндетімізге деген адалдықты, өзімізге адал болуды үйрендік. Бұл елде алаяқтықпен, сатқындықпен, құмар ойындармен айналысуға жол жоқ. Әр азамат өз өміріне жауапкершілік алған кезде Қазақстан біз армандағандай болар еді. Әлем де дүрлігіске толы болмас еді. Сондықтан, дамыған елдерге қарап бой түзеу керек. Сол санаттағы мемлекеттердің 70-80 жастағы адамдары тіл үйреніп, танымын кеңейтіп жатыр. Біздің елдің жастарына да ізденістен қол үзбеңіздер деп айтар едім. Жоқ дегенде әлемнің үш тілін үйрену керек. Мұндай мүмкіндікпен дүниежүзінің озық технологиясын, жаңалықтарын сіңіріп, өміріміздің сапасын арттырамыз. Тіл білген адамға әлемнің барлық есігі айқара ашық, білімі тегін. Мұны өзбасымнан өткерген соң айтып отырмын. Сонда ғана біз өзіміз құрғымыз келген салауатты қоғамды құра аламыз.  Жан-жақты, бәсекеге қабілетті  болсаңыз қай елде жүрсеңіз де сіздің уақытыңызға төленетін қаржыны талап етіп, мүддеңізді қорғай аласыз. Қазақ жастары білімді болса екен деп әрдайым армандап жүремін. 

-    "Таңғы балғындық елінің" қазақтарға деген көзқарасы қалай?  

-    Кәрістер қазақ халқын ерекше құрметтейді. Осы елдің оқулықтарында қиын-қыстау заманда қоныс аударған отандастарымызды жылы қабылдап, қамқорлық танытқан деп жазыпты. Өткенде бір кәріс азаматымен сұхбаттасып отырғанда осы жайлы естідім. Салт-дәстүрлерімізде де ұқсастық көп. Біздің қалың мал, сырға салу сияқты жөн-жоралғыларымызға сәйкес келетін дәстүрлері бар. Табалдырықты баспау, есікті кермеу, үлкеннің алдын кесіп өтпеу сынды ырым-тыйымдарымызға дейін өте ұқсайды. Тарихи орындарына барсаңыз қазақ даласында тұрғызылған балбалтастардан аумайтын көне ескерткіштер аз емес.

-    Шығыс Азиядағы дамыған мемлекеттің халқы еңбекқор, табанды екенін айттың. Ол жақта біздегі сияқты бір ай демалыс алу немесе мереке-мейрамдарда бес-алты күн қатарынан демалу секілді үрдістер жоқ деп естідік... 

-    Бір ерекшелігі, Кореяда демалыс өте аз. Қазақстандағыдай он бес күн, бір ай демалу деген атымен жоқ. Еңбек демалысының өзіне 4-ақ күн беріледі. Алайда мереке-мейрамдарда азаматтардың еңбегін ескеріп, сыйақы табыстайды. Егер бір жерде тұрақты жұмыс істесеңіз, жыл толғанда бір айлық жалақыңызды қосып береді. Сол үшін де азаматтар жұмыс ауыстыруды құп көрмейді. Ал тұрақтылық сақталса еңбек өнімділігі артатыны белгілі. Әр жаңа жыл сайын жаппай жалақы көтеріліп отырады. Еңбекақы қосылды деп базардағы азық-түлік қымбаттады дегенді естімеппін. Ауыл мен қалада бірдей баға сақталады. Бағаны мемлекеттік реттеу жолға қойылған. Біздің елде оқу бітіріп, қайда жұмысқа тұрарын білмей жүрген жастар жетіп артылса бұл жақта ондай мәселе болмаған. Жас болсын, кәрі болсын жұмыс таппай жүрген біреуін кездестірмедім. Бір жақсысы, халық салық төлеуден, сақтандыру төлемінен қашпайды. Үй бағасы, жер алу дегеніңіз өте қымбат. Соған қарамастан, таңғы 4-те тұрып, еңбекке араласады. Көпшілігі спортпен тұрақты айналысады. Оңтүстік Кореяны ұйықтамайтын ел деп айтуға болады. Жастарынан бөлек қарттары да салауатты өмір салтын жақсы ұстанады. Спортпен айналысуға арналған нысандар тегін. Осы жағынан алғанда Қазақстанда да жақсы мүмкіндіктер қолға алынуы керек. Арнаулы банк карталарымен барар болсаңыз кез келген қоғамдық, әлеуметтік орындар жеңілдік жасайды.

-    Шетел асып, озық елдің озық өмір салтын көкейге түйген боларсың. Осы ретте Қазақстандағы замандастарыңа қандай кеңес берер едің?

-    Қазақстандағы адамдардың көпшілігінде бір жаңсақ түсінік бар. Олар шетелге тек бай-бағландардың, депутаттардың балалары шығады деп ойлайды. Әлеуметтік жағдайы орташа отбасылар балалары шетелге кетемін десе  аттай тулап, «бізде ол жаққа баратындай жағдай жоқ» деп болашағына тосқауыл қойып жатады. Ол дұрыс емес. Әлемнің озық елдерінде білім алып, жақсы жерде қызмет етіп, кәсіпті дөңгелетіп жүргендер, бір емес бірнеше әулетті асырып жатқан қарапайым қазақтың ұл-қыздары. Ешқайсының көк тіріп тұрған «көкелері» жоқ. Әсіресе ауыл балалары өз күшімен шетелде қалыптасып, мақсатына жетіп жатыр. Қазақстандық жастарда «әкем бай емес», «отбасымыздың жағдайы нашар» деген қатып қалған комплекстер бар. Ата-анасына салмақ салып, бүкіл жауапкершілікті артып, масыл болып отырған отандастарымды білемін.  Жасы жиырмадан аспай жатып салы суға кетіп, жігері жасып қалатын жерлестеріміз аз емес. Ал шетелде балалар 9-10 жасынан еңбекке араласады, алдағы ұстанымдарын нақтылайды. Олигарх болып, ғылым-білім саласында жетістікке жетіп жатқандар көптеп табылады. Кәсіп көзін табамын деген адамға шетелде мүмкіндік жетерлік.
Қазақстанда шетелде жұмыс істегісі, тәжірибе жинақтағысы келетін жастарға айтарып, қорқынышқа бой алдырмаңыздар. Тәжірибе жүре келе жинақталатын дүние. Тұлғалық жағынан дамығысы келетін жастар кемінде бір-екі жыл озық елде тұрып көру керек. Одан ұтпасаңыз, ұтылмайсыз. 

-    Елге қашан келесің?  Әлде ол жақта тұрақты түрде қалу ойда бар ма? 

-    Әзірше Қазақстанға бармаймын. Осы жақта өзімді дамытып, тәжірибе жинап барып елге ораламын деп ойлаймын.  
 

Байланысты жаналықтар

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

21.11.2024

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

16.11.2024

Креативті индустрияны дамытуға қатысты жаңа нормалар енгізіледі

13.11.2024

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

13.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024
MalimBlocks
Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

Іздеуде жүрген адамдарды тануға, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

Қазақстан рейтингін сыртқы буферлер ұстап отыр

Креативті индустрияны дамытуға қатысты жаңа нормалар енгізіледі

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

Құжат Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға жол ашады

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Президент Қазақстан мен Польша арасындағы байланыс дамып келе жатқанын атап өтті

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты