Сотталған Абылай Мырзахметов мерзімінен бұрын босатуды сұрады

"Атамекен" ҰКП-ның бұрынғы төрағасы, алаяқтық үшін сотталған Абылай Мырзахметов шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Павлодар облыстық сотына сілтеме жасап.
2 мамырда сотқа сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші келіп түскені белгілі болды.
"Бұл өтініш әлі қаралған жоқ", – деп мәлімдеді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы №46 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Бір апта бұрын Бас прокуратура осы колонияда түсірілген бейнематериалды жариялады. Онда биг-бэг қаптарын шығаратын өндіріс іске қосылғаны көрсетілген.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа өндіріс №46 түзету мекемесінде іске қосылған. Қажет жабдықтар мен жұмыс орындарын кәсіпкерлер қамтамасыз еткен.
"Еңбек арқылы тәрбиелеу саясаты аясында сотталғандардың көпшілігі жұмыспен қамтылып, осылайша түзелуге ниеті барын көрсетіп жүр. Былтыр қыркүйектен бастап біз бір топ сотталушыны ұйымдастырып, инвестор таптық. Соның арқасында алты ай ішінде 120 жұмыс орнын аштық", – дейді бейнежазбада Абылай Мырзахметов.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, сотталған экс-төраға бірнеше тігін машинасын өз қаражатына сатып алып, қазір басқа да жұмысқа орналастырылған сотталушылармен бірге қап тігумен айналысып жатыр. Минималды жалақыдан бөлек, сыйақы мен бонустар жүйесі де қарастырылған.
Еске сала кетейік, "Атамекен" ҰКП-ның бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов алаяқтық жасады және кәсіпкерді өзінің туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесу үшін аса ірі көлемде пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген болатын.
2024 жылғы мамырда ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеу үшін Мырзахметов Павлодар облысына жіберілді.
Биыл қаңтарда ол жазаның қалған бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сот шешімінде жазасын өтеу кезінде Мырзахметов еңбекке адал қарағаны үшін тек бір ғана мадақтама алғаны көрсетілді. Ал бұл — заң бойынша оның негізгі міндеті саналады.
Абылай Мырзахметов туралы не белгілі?
Ол 2013 жылдан бастап "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы қызметін атқарған. Бұған дейін, 2007 жылдан бастап "Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы "Атамекен" одағы" ЗТБ басқарма төрағасы болған. 2022 жылғы ақпанда Мырзахметов ҰКП басшысы қызметінен өз еркімен кетті.
2002 жылы Абылай Мырзахметов көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған. Алайда кейінірек оған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдік туындап, қызметінен босатылды. 2003 жылы ол бес жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Фото: Үкіметтің баспасөз орталығы
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
