23 қылмыстық іс: Астанада 80 адамды алдаған күдікті ұсталды

Астанада тұрғын үй нарығында 80-ге жуық адамды сан соқтырып кетті деп күдікке ілінген азамат ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеп.
Астана қаласының құқық қорғау органдарына жергілікті тұрғын 51 жастағы азаматты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыз жазды.
Тергеу барысында күдіктінің өзін құрылыс компаниясының директоры ретінде таныстырып, салынып жатқан үйден тиімді шартпен пәтер ұсынғаны анықталды. Ол адамдардың сеніміне кіріп, алдын ала төлем алып отырған.
Жалдамалы пәтерде тұратын жәбірленушілердің бірі төмен бағаға келісіп, алдын ала қаражат берген. Алаяқ ақшаны алған соң, байланысқа шықпай кеткен. Тексеру кезінде оның осындай схема бойынша тағы 80 адамды алдағаны белгілі болды.
Күдіктіге қатысты барлығы 23 қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға пәтер немесе құрылыс компаниясына қатысты құжаттарды мұқият тексеруді, сондай-ақ тым тиімді бағаға немесе шұғыл ұсыныстарға сенбеуді ескертеді.
Фото: Polisia.kz